ҚХЛ: «Барыс» бүгін елордада «Нефтехимикпен» кездеседі

Фото: «Барыс» хоккей клубы

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін, яғни 15 қаңтарда Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Нефтехимик» (Нижнекамск) клубына қарсы өткізеді.

Кездесу Қазақстан уақытымен 19:00-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Қазірге дейін командалар 44 мәрте шеберлік байқасты. Оның 23-і елордалық команданың басымдығымен аяқталса, қалғанында ресейлік ұжым жеңіске жетті.

Кейінгі бес кездесудің үшеуінде қазақстандық клуб аталған қарсыласына есе жіберді.

Турнир кестесінде «Барыс» 37 ұпаймен 19-орынға жайғасса, «Нефтехимик» 49 ұпаймен 13-орында келеді.

Айта кетсек, қазақстандық клуб бұдан кейін бір ойынын елордада өткізіп, 17 қаңтарда Ресейдің ЦСКА (Мәскеу) клубымен шеберлік байқасады.

Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» овертаймда «Автомобилистке» есе жіберді.