АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін, яғни 7 желтоқсанда Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Сибирь» (Новосібір) командасына қарсы өткізеді.
Кездесу Қазақстан уақытымен 17:00–де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Қазірге дейін командалар 69 мәрте шеберлік байқасты. Оның 28-і елордалық команданың басымдығымен аяқталса, қалғанында ресейлік ұжым жеңіске жетті.
Кейінгі бес кездесудің төртеуінде қазақстандық клуб аталған қарсыласына есе жіберді.
Турнир кестесінде «Барыс» 29 ұпаймен 18-орынға жайғасса, «Сибирь» 24 ұпаймен 20-орында келеді.
Қазақстандық клуб бұдан кейін екі ойынын сырт айдында өткізеді. Алдымен 16 желтоқсанда Ресейде «Автомобилист» (Екатеринбург) командасымен кездессе, одан кейін 18 желтоқсанда «Динамо» (Мәскеу) (Новосібір) командасымен шеберлік байқасады.
Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» елордада овертаймда «Спартактан» басым түсті.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.