ҚХЛ: «Барыс» бүгін Ресейде СКА командасымен ойнайды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын бүгін, 27 қарашада Ресейде СКА (Санкт-Петербург) командасына қарсы өткізеді.

Фото: «Барыс» ХК

Кездесу Қазақстан уақытымен 21:20–да басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Құрлықтық хоккей лигасы тұрақты чемпионатында «Барыс» 30 ойыннан кейін 31 ұпаймен он алтыншы орында тұрса, СКА клубы 29 ойыннан кейін 30 ұпаймен он сегізінші орынға жайғасқан.

Елордалық команда соңғы алты ойынның үшеуінде жеңіске жетсе, ресейлік клуб алты кездесудің екеуінде қарсыластарын қапы қалдырды.

Екі команда арасындағы соңғы бес кездесудің барлығында елордалық клуб қарсыласына есе жіберді.

«Барыс» командасының құрамы

Қақпашылар: Дмитрий Николаев, Владислав Нурек, Андрей Шутов.
Қорғаушылар: Әділ Бекетаев, Самат Данияр, Мәди Диқанбек, Логан Дэй, Иэн Маккошен, Джейк Масси, Бейбарыс Оразов, Чейз Приски.

Шабуылшылар: Абзал Әлібек, Әлихан Әсетов, Джастин Бэйли, Дінмұхамед Қайыржан, Всеволод Логвин, Кирилл Ляпунов, Мэйсон Морелли, Әлихан Өмірбеков, Гарретт Пилон, Кирилл Савицкий, Асанәли Саркенов, Семён Симонов, Тайс Томпсон, Аңсар Шайхмедденов, Аркадий Шестаков.

Елордалық клуб бұдан кейін екі кездесуін сырт айдында өткізеді. Алдымен 29 қарашада Ресейде «Нефтехимик» (Нижнекамск) клубымен шеберлік байқасса, 1 желтоқсанда «Автомобилист» (Екатеринбург) клубымен ойнайды.