ҚХЛ: «Барыс» елордада овертаймда «Спартактан» басым түсті
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін, яғни 5 желтоқсанда Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейде «Спартак» (Мәскеу) командасына қарсы өткізді.
Қазақстандық команда соңғы ойындарды сәтсіз өткізді. Соңғы төрт кездесуде жеңілістің ащы дәмін татқан олар турнир кестесінде 27 ұпаймен 19-орынға жайғасқан еді.
Есесіне ресейлік команданың жағдайы көңіл көншітерлік. Плей-офф сатысына шығуына мүмкіндігі зор. Олар 39 ұпаймен 9-орында келеді.
Кейінгі бес кездесудің барлығында қазақстандық клуб аталған қарсыласына есе жіберді.
Алғашқы кезеңде қазақстандық команда ойынды белсенді бастады. Нәтижесінде олардың қатарынан Аңсар Шайхмедденов 5-минутта мергендік танытты. Оған ресейлік клубтан Павел Порядин 8, Данил Пивчулин 23-минутта екі голмен жауап қайырды.
Екінші кезеңде елордалық хоккейшілер белсенді қимыл көрсетті. Дегенмен «Спартак» сапынан Люк Локхарт 23-минутта басымдықты арттырса, одан кейін «Барыс» құрамынан Райли Уолш 29, Джейк Масси 32-минутта екі гол соғып кетті.
Негізгі кезең 3:3 есебімен тең аяқталып, ойын овертаймға ұласты. Овертаймда Джейк Масси жеңіс шайбасын соқты. Нәтижесінде олар қарсыласынан 4:3 есебімен басым түсті.
Еске салсақ, қазақстандық клуб енді тағы бір ойынын елордада 7 желтоқсанда «Сибирь» (Новосібір) командасына қарсы өткізеді.