Қазақстандық клубтың баспасөз қызметінің мәліметінше, лига желтоқсан айында «Спартак», «Ак Барс» және мәскеулік «Динамоға» қарсы өтетін кездесулердің басталу уақытын ауыстыру туралы шешім қабылдаған. Өзгерістер «ҚХЛ ТВ» телеарналарындағы тікелей көрсетілімдерді ұйымдастыруға байланысты енгізілген. Үш ойынның да басталу уақыты бұрын жоспарланған мерзімнен 30 минутқа ертерек белгіленді.
Атап айтқанда, 6 желтоқсанда өтетін «Барыс» пен мәскеулік «Спартак» арасындағы № 368 матч сағат 17:00–де емес, 16:30–да басталады.
Сондай-ақ 23 желтоқсандағы Қазанның «Ак Барс» командасына қарсы № 411 кездесудің уақыты өзгерді. Бұған дейін матчты сағат 19:30–да бастау жоспарланған еді. Енді командалар мұз айдынына 19:00–де шығады.
29 желтоқсанда өтетін мәскеулік «Динамоға» қарсы № 435 матч та осы уақытқа ауыстырылды. Кездесу сағат 19:30–дың орнына 19:00–де басталады.
Айта кетейік, «Барыс» 26 ойыннан кейін 29 ұпай жинап, ҚХЛ Шығыс конференциясының турнирлік кестесінде бесінші орында тұр. Бұған дейін Михаил Кравец шәкірттері Шығыс конференциясының көшбасшысы — магнитогорскілік «Металлургті» өз алаңында 5:4 есебімен жеңген болатын. Кездесудің басты қаһарманы КХЛ-дегі алғашқы хет-тригін жасаған америкалық шабуылшы Джастин Бэйли болды.
Бұдан бөлек, елордалық клуб алдағы екі кездесуін сырт алаңда өткізеді. 18 қарашада «Барыс» Уфада «Салават Юлаевпен», ал 20 қарашада Омбыда «Авангардпен» кездеседі. Бұған дейін «Барыс» үш ойынға созылған сәтсіздік сериясын тоқтатқаны туралы жазған едік.