ҚХЛ: «Барыс» алғашқы ойында жеңіске жетті
Бүгінгі ойынды қазақстандық хоккейшілер өте сәтті бастады. Бірінші кезеңнің 8-минутында елордалық клуб сапынан Кёртис Валк есеп ашып кетті. Ал 13-минутта «Барыстың» тағы бір хоккейшісі Никита Михайлис есепті үстемелей түсті. Ойынның 17-минутында Даррен Диц ұпай санын 3:0-ге жеткізді.
Екінші кезеңде айдын иелері гол соғуға алға ұмтылды. Десе де олар «Барыстың» қорғанысын бұзып өте алған жоқ. Тек 39-минутта «Динамо» сапынан Павел Чернов есеп айырмасын қысқартуға мүмкіндік алды.
Үшінші кезеңнің 59-минутында айдын иелері тағы бір шайба соғып кетті. Оны ригалық хоккейші Денис Паршин өзінің еншісіне жазды. Кездесуде «Барыс» 3:2 есебімен басым түсіп, жаңа маусымдағы алғашқы жеңісін тойлады.
Екі команда бүгінге дейін 23 мәрте кездескен. Оның 15-і «Барыстың» басымдығымен аяқталса, қалғанында латвиялық клуб басым түсті. Айта кетерлігі, соңғы екі кездесуде «Динамоның» мерейі үстем болды.
Енді «Барыс» 5 қыркүйекте Беларусьтің «Динамо» (Минск), 7 қыркүйекте Ресейдің ЦСКА (Мәскеу) командаларымен шеберлік байқасады.
Ал 10 қыркүйекте «Барыс» елордада Қытайдың «Куньлунь Ред Стар» командасын қабылдайды.