НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордалық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы жаңа жылға дейінгі сырт айдындардағы ойындар сериясын 21 желтоқсан күні Екатеринбургте бастайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Юрий Михайлистің шәкірттері ҚХЛ-да плей-офф кезеңіне шығу үшін негізгі қарсыластарының бірі саналатын «Автомобилист» командасымен күш сынасады.
Қазіргі кезде «Автомобилист» 39 ұпаймен Шығыс конференциясында жетінші орында келеді. Одан бір ұпайы кем «Барыс» сегізінші сатыда тұр. Сондықтан алдағы кездесу қос команда үшін де өте маңызды.
Қыркүйек айының соңында «Барыс» пен «Автомобилист» биылғы маусымдағы алғашқы матчын өткізген еді. Елордада айдын иелері овертаймда жеңіске жетті (5:4).
Қос команда арасындағы бүгінгі ойын Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 20.00-де басталып, тікелей эфирде «Qazsport» және «KHL Primе» арналары арқылы көрсетіледі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Барыстың» елордада «Нефтехимикке» есе жібергенін, Даррен Дицтің ЦСКА командасына ауысқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).