Кибергигиена — Интернеттегі қауіптен қалай құтыламыз

Фото: Фото: freepik

АСТАНА. KAZINFORM — Соңғы жылдары интернеттегі алаяқтық өзекті мәселеге айналды. Сарапшылар бұған ғаламторды жиі қолданатын азаматтардың салғырттығы себеп дейді. Кибергигиенаны қалай сақтау керек? Балаларды интернетті қолдану мәдениетіне қалай үйретеміз? IT маманы, сарапшы Ғасыр Құралбайұлы Kazinform тілшісіне пікір білдірді.

— Қазір интернетте ақпарат көп. Балалар өз бетімен интернетке кірсе, алаяқтарға немесе неше түрлі зиянды контенттерге жолығуы мүмкін. Сондықтан ата-аналар мен мұғалімдер бірігіп, баланың смартфонына белгілі бір сүзгі, қауіпсіздік параметрлерін енгізіп отыруымыз керек. Бала ең әуелі кибергигиена мәдениетін үйренуі керек. Бұл туралы дастарқан басында да жиі айтып отырған жөн. Кибергигиена дегеніміз не? Ол — интернетті қолдану әдеттерінің жиынтығы. Яғни, құпия сөзің күрделі болсын, белгісіз немесе күдікті сілтемелерді баспа, одан бөлек күдікті қосымшаларды жүктеме, өзің жайлы ақпаратты — аты-жөніңді, мекенжайыңды немесе мектеп атауын ашық түрде жариялама деген секілді ақыл-кеңестерді айтып отыру маңызды, — дейді сарапшы.

Маман балалар ойнайтын түрлі бағдарламалардың да қауіпті екенін айтады.

— Қазіргі балалар смартфон арқылы түрлі ойындар ойнайды. Көптеген ата-ана бұған қарсылық білдірмейді. Сондай бағдарламалардың ішінде ақша салсаң — ұтасың деген секілді жарнамалар болады. Осындай жағдайда да ойынға ақша салмау керегін айтып отыруымыз қажет. Екінші жағынан, ата-аналар да өз телефонына банк картасының деректерін енгізбеуі керек. Себебі кейбір ата-ана баласына телефонын беріп қояды. Ата-анасының телефонымен ойын ойнайтын бала ойынға ақша салып жіберуі мүмкін. Банк картасы байланған соң, одан ақшаны шешіп алу оңай. Бала қандай қосымшаларды қолданатынын және қандай ойын ойнап жатқанын қадағалау маңызды, — дейді IT маманы.

Ғасыр Құралбайұлы балаларды 2-3 жасынан бастап кибергигиенаға үйрету керек деген пікірде.

— Қазір жасыратыны жоқ, балаларымыз 2-3 жасынан бастап смартфонды жақсы пайдалана алады. Баланы мүмкіндігінше кішкентай кезінен барынша тәрбиелеуіміз керек. Ең бірінші бала ойыннан бастайды ғой. Сол ойынның ережесінен бастап, ары қарай ол не нәрсеге тіркеліп жатыр — бәрін қадағалап, балаға түсіндіре беру керек секілді. Негізі мектептерде аптасына бір рет немесе факультатив ретінде «Кибергигиена» сабағын енгізсе, артықтық етпес еді. Немесе сынып жетекшісі арнайы күнді белгілеп, дәріс берсе, балалар өз деректерін дұрыс қорғай алар еді, — дейді ол.

Сарапшы кибергигиенаны үлкендер де көп ескере бермейтінін айтады. Ол ересектердің дәл осы мәселеде ең жиі жіберетін қателіктеріне тоқталды.

— Мысалы, телефонмен хабарласқан «банк қызметкеріне» жеке деректерін беріп қою — жиі кездесетін қателік. Әсіресе WhatsApp, Facebook немесе email арқылы келген күмәнді сілтемелерге басып, фишингке түсіп қалатын жағдай жиі кездеседі. Сіздің жақын «туысыңыз» болып WhatsApp-қа сілтеме жібереді. Ары қарай алаяқ өз пайдасына асырады. Сонымен қатар, Wi-Fi қауіпсіздігін ескермеу де қателік. Ашық Wi-Fi-ға қосылсаңыз, алаяқтар банктік операциялар жасауы мүмкін. Бұл — жеке деректердің ұрлануына себеп болады. Тағы бір жиі қателік — бір парольді бірнеше жерде қолдану. Мұндай жағдайда біреуі бұзылса, барлық аккаунтыңыз қауіпке ұшырайды, — дейді Ғасыр Құралбайұлы.

Маман интернет алаяқтарына алданбас үшін кибергигиена мен қаржылық сауаттылық қатар жүруі керектігін түсіндірді.

— Егер туысыңыз немесе досыңыз WhatsApp арқылы қарыз сұраса, ерінбей қоңырау шалыңыз. Алаяқтар нөмірді, аватарды алмастырып хабарласуы мүмкін. Екінші көп алданатын жағдай — адамдар «ат басындай алтын беремін» немесе 40-50% пайда беретін жоба деген сілтемеге кіріп, алданып қалып жатыр. Бұл жерде кибергигиена мен қаржылық сауаттылық бірге жүру керек. Ешқандай қаржы құралы сізге 100% кепілмен пайда бере алмайды. Соны ұғынып алу керек, — дейді сарапшы.

IT маманы түрлі аккаунттарды бұзу үшін өзіне жиі ұсыныс түсетінін де жасырмады.

— Өзге адамның аккаунтын бұзып бер деп хабарласатындар өте көп. Олар мұның құқықбұзушылықпен қатар, заң алдында қатаң жауап беретін тармақтары бар екенін біле бермейді. Кейде хакерлер аккаунтты қолды қылса, хабарласып қалпына келтіріп бер деп өтінеді. Мұнда да қарапайым екі факторлы авторизация болмағандықтан, көп адам өз аккаунтынан айырылып жатады. Статистика бойынша, 30 пайызында ғана техникалық қолдау қызметімен қалпына келтіріп бере аламыз. Ал қалған аккаунттар, өкінішке қарай, сол өзге адамның еншісінде қалып кетеді, — дейді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда кибералаяқтардан 5 мыңнан аса SIM-карта тәркіленген еді.

Одан бөлек Петропавлда ер адамнан интернет-алаяқтар қолданатын құрылғы тәркіленді.