Киберқауіпсіздік саласындағы ең ірі мәміле: CrowdStrike бәсекелесін 44 млрд долларға сатып алмақ

АСТАНА. KAZINFORM – Америкалық CrowdStrike компаниясы киберқауіпсіздік саласындағы технологияларды әзірлеуші Zscaler компаниясын 43,9 млрд долларға сатып алатынын мәлімдеді. Бұл сала тарихындағы ең ірі мәміле болмақ, деп хабарлайды Euronews .

Фото: reporter.kg

Екі компанияның бірігуі құрылғыларды, корпоративтік желілерді және бұлттық сервистерді кибершабуылдардан қорғайтын бірыңғай платформа құруға мүмкіндік береді.

CrowdStrike компьютерлер мен басқа да құрылғылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге маманданған. Ал Zscaler қосымшалар мен деректерге қауіпсіз қол жеткізу технологияларын әзірлейді.

Компанияны сатып алудың басты себептерінің бірі – Zscaler-дің жасанды интеллект саласындағы әзірлемелері. Атап айтқанда, Zero Trust Exchange технологиясы компанияларға жасанды интеллектінің қолданылуын бақылауға, құпия ақпаратты қорғауға және интеллектуалды жүйелердің жұмысын қадағалауға мүмкіндік береді.

CrowdStrike басшысы Джордж Курц біріккен компания жасанды интеллектіні қауіпсіз пайдалануға арналған әлемдегі ең ірі платформалардың бірін құруды көздеп отырғанын мәлімдеді.

– Мәміле CrowdStrike компаниясына Zscaler-дің шамамен сегіз мың клиентіне қол жеткізуге мүмкіндік береді деп күтіліп отыр. Компаниялардың жиынтық жылдық тұрақты түсімі шамамен 10 млрд долларға артады. Сатып алу акциялар алмасу арқылы жүзеге асырылмақ, – делінген жарияланған ақпаратта.

Мәмілені Zscaler акционерлерінің мақұлдауынан кейін 2028 жылы аяқтау жоспарланған.

Бұл ретте Zscaler компаниясының бас директоры Джей Чаудри басшылық қызметін сақтап, CrowdStrike директорлар кеңесінің құрамына кіреді.

Айта кетейік, бұған дейін америкалық Google корпорациясы жоғары технологиялық құрылғылар өндіретін Nest Labs компаниясын 3,2 млрд долларға сатып алу туралы келісім жасасқан болатын.