КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының полицейлері Қорғалжын ауданында киіктерді қорлау оқиғасына байланысты күдіктілердің үстінен қозғалған қылмыстық істі тоқтатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Іс қылмыстық айғақтардың болмауына байланысты тоқтатылды», - деп мәлім етті баспасөз қызметіндегілер.
Еске сала кетейік, өткен жылдың соңында Фейсбук әлеуметтік желісінде видео тарап, онда ер адамдар кезекпен киіктің үстіне мініп, суретке түседі. Мүйізінен ұстап, жоғары көтереді. Олардың жанында кішкентай бала да бар. Сондай-ақ бейнежазбада киікті ұстағанға дейін оны көлікпен қуғаны түсірілген.
Осыған байланысты Қорғалжын мемлекеттік табиғатты қорғау қорығының директоры атынан түскен арыз бойынша соталды өндірістік іс қозғалған болатын.
Аслан Оспанов
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде оқыған. Мақалалары республикалық, облыстық және қалалық газеттерде жиі жарияланып келді. «Қазақстан» РТРК» акционерлік қоғамының Ақмола облыстық филиалында, «Арқа ажары» газетінде қызмет атқарды. 2014 жылдан бері «KAZINFORM» ХАА-де жұмыс істейді.