Ким Чен Ын Солтүстік Корея флотын күшейтуге кірісті

АСТАНА. KAZINFORM — Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын аймақтағы шиеленістің күшеюі мен қарсыластары тарапынан төнген қауіп-қатерлерге байланысты елдің әскери-теңіз флотын жаңғырту жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Бұл туралы Kazinform Anadolu агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.

Фото: ТАСС

Корей орталық телеграф агенттігінің мәліметінше, Ким Чен Ын Нампхо қаласындағы кеме жасау зауытына барып, жаңғырту жұмыстарының барысымен танысқан. Сондай-ақ салынып жатқан әскери кемені көрді.

— Теңіздегі ұлттық егемендікті түрлі қауіп-қатерден қорғау үшін жерүсті және суасты күштерінің жауынгерлік мүмкіндіктерін жедел арттыру — заман талабы, — деді Ким Чен Ын.

Солтүстік Корея басшысы аймақтағы геосаяси жағдай мен «қарсыластарының әрекеттеріне» назар аударды. Оның айтуынша, қалыптасқан ахуал ең заманауи әрі қуатты әскери кемелер жасауды қажет етеді.

Агенттік мәліметінше, техникалық сипаттамалары жарияланбаған жаңа кеме қазіргі заманғы соғыс жағдайларын ескере отырып, түрлі әскери міндеттерді орындауға арналған.

АҚШ-пен диалог — «мүмкіндіктердің бірі»

Ал Солтүстік Корея басшысының әпкесі Ким Ё Чжон бүгін жариялаған жазбаша мәлімдемесінде АҚШ-пен диалог бейбітшілікке қол жеткізудің «бір жолы» екенін, алайда оның Солтүстік Кореяның ұлттық мүдделеріне міндетті түрде сай келе бермейтінін айтты.

Оның сөзінше, Вашингтон тарапынан жалғасып жатқан «дұшпандық белгілер» Пхеньянды АҚШ әкімшілігінің «шынайы ниетін» қайта бағалауға мәжбүрлеп отыр.

— Бейбітшілікті таңдау, сөзсіз, диалог мүмкіндігін де қарастырады. Алайда бұл біздің ұлттық мүдделерімізбен еш жағдайда бірдей емес. АҚШ-тың дұшпандық саясатынан бас тартуы барлық мәселені шешудің негізгі шарты. Бұл орындалмайынша, АҚШ-пен тікелей келіссөз жүргізуге ешқандай негіз жоқ, — деді Ким Ё Чжон.

Бұған дейін Ким Ё Чжон АҚШ Федералдық тергеу бюросының (ФТБ) Солтүстік Кореяны әлемдегі ең ірі Binance криптовалюта биржасынан 6 миллиард доллардан астам қаражат ұрлауға қатысы бар деп айыптауын да жоққа шығарған болатын.

— Корей Халық Демократиялық Республикасының криптовалюта қарақшылығына қатысы бар деген жалған оқиға — АҚШ-тың біздің елге қатысты дұшпандық саясатының мәнін көрсететін айсбергтің ұшы ғана, — деді Солтүстік Корея басшысының әпкесі.

Еске салайық, бұған дейін Солтүстік Корея тағы да жаңа зымыран ұшырғанын хабарлаған едік.

Оңтүстік Кореяның Біріккен штаб бастықтары комитетінің мәліметі бойынша, Солтүстік Корея сәрсенбіде Жапон теңізіне қарай бірнеше зымыран ұшырған. Бұл шамамен он қысқа қашықтыққа ұшатын баллистикалық зымыран ұшырылғаннан кейін бірнеше күн өткен соң болды.