Қымыз Германияда емдік тұрғыдан сұранысқа ие — неміс кәсіпкері
АСТАНА. KAZINFORM — Ханс Цольман — неміс кәсіпкері, фермер, бие сүтінен жасалған құрғақ (сублимацияланған) өнімдер, қымыз және бие сүті негізіндегі косметика өндіруші.
Шетелдік мейман Астанада өтіп жатқан «BaiQymyz» ұлттық тағамдар гастрофестиваліне арнайы келген. Осы орайда Kazinform тілшісі қымызды кәсіп еткен шаруа иесімен тілдескен еді.
— Қымызды Германияға алғаш әкелген менің қайын атам, нақты айтқанда 1959 жылы Қазақстаннан қымыз алып барған. Қазір біздің қымыз өндіретін кәсіпорын 66 жыл жұмыс істеп тұр, кәсіпорын жұмысын одан әрі ілгерілете береміз. Германияда қымызға сұраныс бар, әсіресе емдік тұрғыдан. Немістер қымызды табиғи өнім ретінде, денсаулығын қалпына келтіруге тұтынады, — деді Ханс Цольман.
Кәсіпкердің айтуынша, неміс халқы қымыздың майлы болғанын қаламайды, сондықтан қымыз бірнеше рет өңдеуден өтеді.
— Біз қымызды сауа салып, сол күйінде ұсынбаймыз, ол өңделеді. Сондай-ақ немістер үшін қымыз күндіз тұтынатын тағам қатарына жатпайды, оны кешке қарай ішеді. Бағаға келсек, бір литр қымыз 15 еуро тұрады. Біз айына 2-3 мың литр қымыз өндіреміз. Тағы бір айта кететін жайт, бізде қымыз ұнтақ түрінде де сатылады. Біздің клиенттер қатарында, неміс халқынан бөлек, Германиядағы қазақстандықтар біздің фермаға келіп қымыз ішеді, одан бөлек Германиядағы қазақстандық елшілер біздің тұрақты қонағымыз, — дейді неміс кәсіпкері.
Ханс Цольман басқаратын Мюльбен қаласындағы ферма — Германиядағы қымыз өндіруге маманданған ең ірі әрі көне кәсіпорын. Осы орайда кәсіпкер өзін қымыз өндірумен айналысатын екінші буын өкілі деп санайды.
Айта кетейік, Ханс Цольман елордада өтіп жатқан қымыз фестивалі аясында ұйымдастырылған ғылыми конференцияда баяндама жасады. Ол жерде қымыздың емдік қасиеттері, жылқы шаруашылығы мен дәстүрлі мал шаруашылығының даму болашағы талқыланды. Ғылыми конференцияға Германия, Ресей, Қырғызстаннан келген ғалымдар, дәрігерлер, ветеринарлар мен кәсіпкерлер қатысты.
Еске салсақ, кешеден бері елордада «BaiQymyz» ұлттық тағамдар гастрофестивалі өтіп жатыр.
Қазір қымыз өндірушілер «Ең үздік қымыз» атағы үшін таласып жатыр. Жүлде қоры — 45 миллион теңге (I орын — 20 млн теңге, II орын — 15 млн теңге, III орын — 10 млн теңге). Жеңімпаздар бүгін белгілі болады.
Байқаудың мақсаты — еліміздегі ең сапалы әрі шипалы қымызды анықтау. Негізгі мақсат — қымызды денсаулық пен қонақжайлықтың символы ретінде таныту, сонымен қатар агротуризм мен жылқы шаруашылығын дамытуға серпін беру.
Сондай-ақ елордада өтіп жатқан фестивальге ел өңірлерінен 30 тоннаға жуық қымыз әкелінді, осы орайда ұйымдастырушылар рекорд орнағанын айтып отыр.