Елдің стратегиялық әлеуметтік-экономикалық даму бағыттарына арналған республикалық отырыста негізгі макроэкономикалық бағыттар жарияланды.
Жапаров бірнеше стратегиялық мақсаттарды атап өтті.
— 2030 жылдың соңына қарай біз бірқатар мақсатқа қол жеткізуді көздеп отырмыз. Олардың негізгілері: макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық нақты өсу қарқынын 8%-ға жеткізу және тікелей шетелдік инвестициялар ағынын жыл сайын 20%-ға арттыру, — деді Қырғыз Республикасының президенті.
Осыған байланысты министрлер кабинеті мен орталық мемлекеттік органдарға мыналар тапсырылды:
* экспортқа бағытталған қызмет көрсету-өнеркәсіптік даму моделін әзірлеу және ұсыну;
* сауда және кеден саясатын жаңғырту, оларды жергілікті тауарлар мен қызметтерді белсенді түрде ілгерілетуге бағыттау;
* қаржыландыру жүйесін түрлендіру, оны экономиканың нақты секторындағы жобаларға ұзақ мерзімді инвестицияларға бағыттау;
* жеке меншікті қорғау және кәсіпкерлерді қолдаудың бірыңғай тұжырымдамасын әзірлеу үшін сот органдарымен бірлесіп жұмыс істеу, соның ішінде мемлекеттік органдарды азаматтар мен бизнестің құқықтарын қорғауға қайта бағыттау;
* рұқсат алу, инвестициялық келісімдер жасау және инвесторларды қолдау рәсімдерін жеңілдету бойынша күш-жігерді жалғастыру;
* ел ішінде жасалған қосымша құнды барынша арттыруға бағытталған туристік қызметтердің бірыңғай тізбегін құру;
* білім беру жүйесін экспортқа бағытталған қызмет көрсету-өнеркәсіптік даму моделіне бейімдеу;
* әлеуметтік жағынан осал топтарға мақсатты қолдауды жалғастыру.
Жоспарланған шараларды іске асыру мемлекеттің экономикалық әлеуетін нығайтуға, елдегі ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді қамтамасыз етуге және әрбір отбасының әл-ауқатын тұрақты түрде жақсартуға мүмкіндік беретіні айтылды.
Бұған дейін Қырғызстанда жыл басынан бергі тоғыз айда тұтыну бағалары мен тарифтер 8,1 пайыз өскені хабарланған болатын.