Қырғызстанда тауарлар мен қызметтердің бағасы өсті

АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанда жыл басынан бергі тоғыз айда тұтыну бағалары мен тарифтер 8,1 пайыз өсті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі.

Қырғызстанда тауарлар мен қызметтердің бағасы өсті
Фото: Pexels

Қырғызстан Ұлттық статистика комитетінің мәліметінше, 2026 жылғы қаңтар-қыркүйек аралығында азық-түлік пен алкогольсіз сусындар 7 пайызға, алкоголь өнімдері мен темекі 8 пайызға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 6,8 пайызға қымбаттаған. Ал халыққа көрсетілетін қызметтердің бағасы 11,8 пайыз өскен.

Есепті кезеңде Қырғызстанның барлық өңірінде баға мен тариф көтерілген. Ең жоғары өсім Ош облысында тіркелді. Мұнда азық-түлік пен алкогольсіз сусындар 11,3 пайызға, алкоголь өнімдері мен темекі 29,1 пайызға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 12,3 пайызға, ал халыққа көрсетілетін қызметтердің тарифі 28,3 пайызға қымбаттаған.

Бұған дейін Қырғызстанда қант импортына тыйым салу жоспарланғаны хабарланған болатын.

Сондай-ақ елде картоп импортына уақытша шектеу енгізу ұсынылған еді.