Қырғызстан 2035 жылға дейін сыртқы қарызын өтейді
АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстан президенті Садыр Жапаров бұл туралы Бішкекте өткен IV Халық құрылтайында мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
Қырғызстан басшысының айтуынша, мемлекет 2035 жылға дейін сыртқы қарызын толығымен өтеуді көздеп отыр.
Сыртқы қарыздарды өтеуге келесі сомалар жұмсалады:
* 2025 — 857 миллион доллар;
* 2026 — 1 миллиард 48 миллион доллар;
* 2027 — 1 миллиард 277 миллион доллар;
* 2028 — 1 миллиард 326 миллион доллар;
* 2029 — 1 миллиард 326 миллион доллар;
* 2030 — 1 миллиард 201 миллион доллар.
— 2030 жылдан бастап төлемдер көлемі азая бастайды. 2035 жылға қарай біз соңғы 30 жылда жинақталған мемлекеттік қарызды толығымен өтейміз, — деп мәлімдеді ел президенті.
Естеріңізге сала кетейік, 25-26 желтоқсанда Бішкекте 4-ші Халық Құрылтайы өтті, оған мемлекет басшысы, үкімет мүшелері, парламент мүшелері, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілдері және елдің барлық аймағынан келген 690 делегат қатысты.
Садыр Жапаров өз сөзінде Қырғызстанның негізгі әлеуметтік маңызы бар мәселелері мен даму басымдықтарын атап өтті. Ол мұғалімдік және медициналық мамандықтардың беделін арттыруға, азаматтарды әлеуметтік қорғауға, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларындағы қызметкерлердің жалақысын арттыруға және әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықты жоюға назар аударды. Сондай-ақ, ол сыбайлас жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес және Ыстықкөлдің су деңгейі мәселелерін талқылады.
Сонымен қатар, ол аймақтық дамудың, кәсіпкерлікті қолдаудың, тұрғын үй бағдарламаларын іске асырудың және инвестиция тартудың басымдықтарын атап өтті. Ол сондай-ақ тұрақты экономикалық өсімді, ЖІӨ-нің өсуін және елдің қаржылық базасын нығайтуды атап өтті.
Бұған дейін Қырғызстан басшысы мемлекеттің сыртқы және ішкі қарызы мәселесі бойынша егжей-тегжейлі түсінік берген болатын.