Қырғызстан билігі алдағы 10 жылда елдің сыртқы қарызынан толық құтылуға ниетті

БІШКЕК. KAZINFORM – Қырғызстанның сыртқы қарызы 4,5 млрд доллар шамасында сақталып отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Садыр Жапаров
Фото: "Кабар" ақпарат агенттігі

«Кабар» агенттігіне сұхбат берген Қырғызстан президенті Садыр Жапаров елдің сыртқы қарызы 7 млрд доллардан асты деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді.

- Бұл – жалған ақпарат. Біздің сыртқы қарызымыз 4,5 млрд доллар шамасында. Мұндай деректерді жасырынып жүрген саясаткерлер билікті жамандау мақсатында таратып отыр. Қазір сыртқы қарызға қатысты ешқандай қорқыныш жоқ, - деді Садыр Жарапов.

Оның айтуынша, Қырғызстан экономикасы сыртқы қарызды мерзімінен бұрын жабуға қауқарлы. Дегенмен несиені ерте өтеу мемлекет үшін тиімсіз.

- Депутаттар ұсынғандай, сыртқы қарызды бір күнде жауып тастауға болады. Алайда, бұлай өтеу тиімсіз. Себебі несиелер 2 пайызбен 30-40 жыл мерзімге алынды. Келісімге сай, егер біз оны ерте төлесек, пайыздық үстемеақы 2 пайыздан жоғары шығады. Кесте бойынша елдің негізгі сыртқы қарызын 2035 жылға қарай толық өтеп боламыз. Сондықтан бұл біз үшін мәселе емес, - деді Қырғызстан президенті.

Қоса кетсек, Қырғызстанда 3 млрд долларға «Мақмал-Қаракөл» бағыты бойынша теміржол салынады.

Сонымен қатар, Азия даму банкі Қырғызстанға мемлекеттік инвестициялық жобалар мен бағдарламаларды қаржыландыру үшін 74,8 млн доллар грант және 147,2 млн доллар жеңілдік несие береді.

Соңғы жаңалықтар