Қырғызстан ағаш және ағаш материалдарын экспорттауға тыйымды ұзартты

БІШКЕK. KAZINFORM – Қырғызстанда Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс жерлерге ағаш және ағаш материалдарын экспорттауға уақытша тыйым салынды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Фото: Freepik

Ел үкіметі ішкі нарықты қорғау және шикізатты заңсыз қайта экспорттаудың алдын алу үшін бұл шектеу шараларын үнемі ұзартып отыр.

Қаулыға сәйкес, ЕАЭО СЭҚ ТН 4401, 4403 және 4407 кодтары бойынша жіктелген ағаш және ағаш бұйымдарын экспорттауға алты ай мерзімге уақытша тыйым салынады. Шектеулер Қырғыз Республикасы Министрлер кабинетінің шешімімен берілетін гуманитарлық көмекке қатысты қолданылмайды.

Осыған дейін Қырғызстан қара металл сынықтары мен қалдықтары экспортына тыйымды ұзартқаны хабарланды.