Қырғызстан кальянды заңдастырмақ
БІШКЕК. KAZINFORTM – Қырғызстанда мамандандырылған лицензияланған мекемелерде кальян шегуге рұқсат беруді ұсынылып отыр, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
Қоғамдық талқылауға ұсынылған заң жобасында мыналар көзделген:
* кальян мекемелерін заңдастыру үшін құқықтық жағдайлар жасау;
* осы қызметті жүзеге асыруға рұқсат беру (лицензиялау) тәртібін белгілеу;
* санитарлық-гигиеналық, өрт қауіпсіздігі және басқа да міндетті талаптардың сақталуын қамтамасыз ету;
* заңсыз кәсіпкерлік қызметтің ауқымын азайту.
Елде қоғамдық орындарда темекі өнімдерін, соның ішінде кальян шегуге заңды түрде тыйым салынған. Тыйым салынғанына қарамастан, мекемелер кальян қызметтерін заңсыз көрсетуді жалғастырып келеді, ал бюджет салық түсімдерінен айырылып отыр.
«Хорека Клуб» қауымдастығы мен «Қырғыз қоғамдық тамақтандыру» өкілдерінің айтуынша, қазіргі тыйым кальян қызметтеріне деген сұранысты жоймайды, керісінше, бұл қызмет түрінің көлеңкеге кетуіне, нарық ашықтығына кдергі келтіріп, әкімшілік және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің арттыруына септігін тигізеді.
Заң жобасында мыналар ұсынылып отыр:
* кальян шегуге тек мамандандырылған лицензияланған мекемелерде рұқсат беру;
* кальян қызметтерін лицензияланған қызмет түрлерінің тізіміне қосу;
• ғимараттарға қойылатын талаптарды белгілеу (бөлек залдар, желдету жүйелері, санитарлық нормалар):
• кальян ұсынатын мекемелердің міндетті тізілімін енгізу.
Бұған дейін Қырғызстанда электронды темекі импортына тыйым салынғанын хабарлаған едік.
Еске сала кетсек, 2025 жылдың желтоқсанында Қазақстанда 20 мыңға жуық кальянхананың қызметі заңдастырылуы мүмкін екенін жаздық.