Денсаулық сақтау министрі айтуынша, қызметтік міндетін атқарып жатқан қызметкерге қол көтеріп, күш көрсеткені үшін жаза енгізу ұсынылып отыр.
Жоба денсаулық сақтау, білім беру және мемлекеттік қызметтер көрсетілетін басқа салаларда жұмыс істейтін қызметкерлердің қауіпсіздігі мен абыройын қорғауға бағытталған.
— Соңғы уақытта медицина қызметкерлеріне күш көрсету мен агрессия жағдайлары жиілеп кетті. Бұл мәселенің өзектілігін көрсетеді. Қылмыстық кодексте мұндай қылмыстар үшін жауапкершілік қарастырылмаған. Сондықтан бұл өзгерістер қажеттілік ретінде туындады, — деді министр.
Айта кетейік, жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлеріне күш көрсеткені үшін жазаны күшейтуді тапсырды.
Сондай-ақ Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов те елде медицина қызметкерлеріне күш көрсету деректері жиілеп бара жатқанын айтып, бұл мәселеге заң жүзінде нақты әрі қатаң шаралар қабылдау қажет екенін алға тартқан болатын.