Қырғызстанда баламалы қызмет пен мобилизациялық резерв ережелері өзгерді

АСТАНА. KAZINFORM – Ел үкіметі мобилизациялық резерв жиындарын өткізу және баламалы әскери қызмет тәртібіне өзгерістер енгізді. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі хабарлады.

Фото: Қырғызстан Республикасы Қорғаныс министрлігі

Қабылданған қаулыға сәйкес:

Мобилизациялық резерв:

— Әскери қызмет өтпеген немесе баламалы қызмет атқарған 22–40 жас аралығындағы азаматтар 30 күндік жиыннан өтіп, 500 есептік көрсеткіш (50 мың сом немесе 272 мың теңгеден астам) мөлшерінде жарна төлейді;
— Жоғары білімі бар, 30 жасқа дейінгі және бірінші санаттағы запаста тұрған әскери міндеттілер үшін жарна 700 есептік көрсеткішті (70 мың сом немесе 381 мың теңгеден астам) құрайды, ал жиын ұзақтығы 30 күн болып қалады.

Баламалы қызмет:

— Отбасылық жағдайына байланысты шақырылған азаматтар 180 есептік көрсеткіш (18 мың сом немесе 98 мың теңгеден астам) төлейді, ал денсаулығына байланысты шектеулі жарамды азаматтар — 250 есептік көрсеткіш (25 мың сом немесе 136 мың теңгеден астам);
— Діни сеніміне байланысты әскери қызметтен бас тартатын немесе қоғамдық пайдалы жұмыстарды таңдаған азаматтар белгіленген жұмыс көлемін орындап, 250 есептік көрсеткіш (25 мың сом немесе 136 мың теңгеден астам) төлейді.

Айта кетелік Қырғызстанда ұйымдасқан қылмыстық топтың қару-жарақ қоймасы табылғаны туралы жазған едік.