ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Эпицентрі Қырғызстанда болған жер сілкінісінен Өзбекстанның бірнеше өңірінде күші 4 балға дейін жеткен жерасты дүмпулері сезілді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Өзбекстан Сейсмикалық мониторинг орталығының дерегінше, жер сілкінсі бүгін сағат 1:29–1:30 аралығында тіркелді.
Эпицентрде, яғни Қырғызстанның Жалал-Абад өңіріндегі жерасты дүмпуінің күші 7 балл болды. Тиісінше, Өзбекстанның Наманған (3-4 балл), Андижан (3 балл), Ферғана (2-3 балл), Сырдария облыстарында (2 балл) және Ташкент қаласында (2-3 балл) жер сілкінісі сезілді.
Қоса кетейік, аталған жер сілкінісі еліміздің Жамбыл, Түркістан облыстарында және Шымкент қаласында сезілді.
Еске салайық, таяуда Өзбекстанның Қазақстанмен шекаралас орналасқан облысында жер сілкінген болатын.
Әлихан Асқар
2018 жылы А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Әр жылдары облыстық Qostanai, республикалық Astana TV, «Жетінші арна» телеарналарындағы бағдарлама және жаңалықтар бөлімінде қызмет етті. «ҚР Президенті телерадиокешенінде» 2022 жылдың мамырынан бастап еңбек етеді. 2023 жылдан бері Kazinform агенттігінің Өзбекстандағы меншікті тілшісі.