Қырғызстанда хантавирустың таралу қаупі қандай

АСТАНА.KAZINFORM - Қырғызстанның Денсаулық сақтау министрлігі хантавирус жағдайына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі тілшісі.

Фото: Anadolu

Аурудың алдын алу және мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің мәліметі бойынша, елдегі жұқпалы аурулардың эпидемиологиялық жағдайы тұрақты және бақылау күн сайын күшейтіліп жатыр.

Сарапшылардың бағалауы бойынша, хантавирустың Қырғызстан Республикасына келу қаупі төмен, бұл жалпы халыққа немесе туристерге ешқандай қауіп төндірмейді.

- Үрейленуге ешқандай себеп жоқ. Көптеген адам үшін жұқтыру қаупі минималды, ал қарапайым алдын алу шараларын сақтау жұқтыру ықтималдығын тиімді түрде төмендетуі мүмкін, - делінген мәлімдемеде.

Денсаулық сақтау министрлігі далада жүргенде және кеміргіштер мекендейтін жерлермен байланыста болғанда сақ болуды ұсынады.

Бұған дейін Аргентинадан Кабо-Вердеге сапар шеккен круиздік кемеде хантавирус жұқтыру жағдайы, оның ішінде үш адамның өлімі анықталғаны хабарланған болатын.

Израильде Шығыс Еуропаға сапар шеккен жолаушыдан хантавирус жұқтырудың алғашқы жағдайы тіркелді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жұқтырған адамдармен байланыста болғаннан кейін эвакуацияланған MV Hondius жолаушыларын 42 күн карантинге жатқызуды ұсынды. Франция мен Америка Құрама Штаттарына эвакуацияланған Hondius-тан тағы екі жолаушының хантавирусқа тапсырған тесті оң нәтиже берді.

Сондай-ақ, круиздік кеменің 18 жолаушысы Америка Құрама Штаттарына жеткізіліп, карантинге жатқызылғаны хабарланды.