Қырғызстанда Ыстықкөл мен Сонкөлде балық аулауға мораторий енгізілді

АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстан Министрлер кабинеті президенттің «Ыстықкөл мен Сонкөлде кәсіптік мақсатта балық аулауға мораторий енгізу туралы» жарлығын іске асыру және балық шаруашылығы су айдындарындағы балық қорын сақтау әрі көбейту мақсатында тиісті қаулы қабылдады.

Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

Бұл туралы Министрлер кабинеті хабарлады, деп жазады Кабар.

Құжатқа Министрлер кабинетінің төрағасы Әділбек Қасымалиев қол қойған.

Су ресурстары, ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі министрлігі жанындағы Балық шаруашылығы кешені департаментіне үш жыл мерзімге Ыстықкөл мен Сонкөлде балық аулауға арналған рұқсат құжаттарын беруді уақытша тоқтату тапсырылды.

Алайда мынадай жағдайларда балық аулауға рұқсат етіледі:

  • балық қорын жасанды жолмен көбейтуге арналған бекітілген және белгіленген тәртіппен келісілген жоспарлы жұмыстар кезінде;

  • әуесқойлық және спорттық балық аулау мақсатында;

  • кәсіптік мақсатта ауланбайтын жергілікті балық түрлерінің санын реттеу үшін жыл сайын жүргізілетін мелиорациялық жұмыстар барысында;

  • ғылыми-зерттеу шаралары мен балық қорының жағдайын ихтиологиялық бақылау кезінде.

Қырғызстанның Су ресурстары, ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі министрлігіне бірқатар міндет жүктелді.

Атап айтқанда, мораторий кезінде Ыстықкөл мен Сонкөлдегі балық қорын молайту үшін Ыстықкөл форелін, сиг-лудога және сазан балықтарын жасанды жолмен көбейту жұмыстарын тұрақты жүргізу тапсырылды.

Сондай-ақ Сонкөлде жергілікті балық түрлерінің шамадан тыс көбеюін реттеу мақсатында жыл сайын мелиорациялық жұмыстар жүргізілуі керек.

Министрлік жыл сайын 30 желтоқсанға дейін осы қаулының орындалуы туралы ақпаратты Қырғызстан президентінің әкімшілігіне ұсынып отыруға міндетті.

Қаулы ресми жарияланған күннен бастап 10 күн өткен соң күшіне енеді. 

Бұған дейін Қырғызстанда қаржы пирамидасын құрғандарға 12 жылға дейін жаза қолдану ұсынылды.