Қырғызстанда қайыр сұраған шетелдіктер елден шығарылады
АСТАНА. KAZINFORM - Қырғызстанда жолдар мен қоғамдық орындардағы қайыр сұраушылықпен күресуге, сондай-ақ осал топтарды осындай әрекеттерге тартудан қорғауға бағытталған заңға қол қойылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі.
Құқықбұзушылықтар туралы кодекс пен сыртқы көші-қон туралы заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, шетел азаматтарына қайыр сұрағаны үшін жауапкершілік қарастырылған. Қайталанған құқықбұзушылық немесе бір ай ішінде осындай әрекетке тарту дерегі анықталған жағдайда, олар Қырғызстан аумағынан шығарылады.
Жолдың жүріс бөлігінде қайыр сұрау, сондай-ақ қоғамдық орындарда ақша немесе өзге де материалдық құндылықтарды алу мақсатында адамдарға тиісу үшін 20-дан 30 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе үш тәулікке дейін қамауға алу жазасы көзделген. Бір ай ішінде қайталанса, 30-дан 40 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар немесе үштен бес тәулікке дейін қамау қарастырылған.
Қайыр сұрауға қарттарды, жүкті әйелдерді, мүгедектігі бар адамдарды немесе психикалық ауытқуы бар тұлғаларды тартқаны үшін айыппұл мөлшері күшейтілген — 20 мың сом (шамамен 105 мың теңге).
Ішкі істер органдары ұсталған жергілікті азаматтар туралы мәліметтерді, егер олар қиын өмірлік жағдайға тап болса, әлеуметтік қорғау органдарына жолдауы тиіс.
Бұған дейін 2026 жылдың наурыз айында Қырғызстан парламентінде қайыр сұраушылық деңгейін төмендетуге бағытталған заң жобасы қаралғаны хабарланған болатын.
Осыған дейін Қырғызстанда рұқсат етілмеген орындарға қоқыс тастағандар қоғамдық жұмысқа тартылатыны туралы жаздық.