Қырғызстанда рұқсат етілмеген орындарға қоқыс тастағандар қоғамдық жұмысқа тартылады

АСТАНА.KAZINFORM — Ел парламенті бірінші оқылымда құқық бұзушылықтар туралы кодекске түзетулер енгізді. Бұл түзетулер көгалдандыру, қалдықтарды басқару және су шаруашылығы нысандарының қауіпсіздік ережелерін бұзғандарға қолданылатын жаза тиімділігін арттыруға бағытталған, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі тілшісі.

Қырғызстанда рұқсат етілмеген орындарға қоқыс тастағандар қоғамдық жұмысқа тартылады
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Құжатқа сәйкес, айыппұл мен ескертулерге балама ретінде қоғамдық жұмыстар келесі әрекеттер үшін енгізіледі:

  • көгалдандыру ережелерін бұзғаны үшін азаматтарға 20 сағат қоғамдық жұмыс жазасы тағайындалады;
  • рұқсат етілмеген орындарға қоқыс тастағаны, қалдықтарды сақтағаны немесе өртегені үшін 20 сағат қоғамдық жұмыс;
  • рұқсат етілмеген орындарға өнеркәсіптік және медициналық қалдықтарды тастағаны немесе сақтағаны үшін 20-дан 30 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс;
  • қоқысты, жапырақтарды, қатты тұрмыстық, өнеркәсіптік қалдықтарды және басқа да заттарды өртегені үшін 20-дан 30 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс; 
  • су шаруашылығы құрылымына зақым келтіргені, коллекторлық-дренаждық жүйені бұзғаны немесе олардың пайдалану ережелерін қасақана немесе абайсызда бұзғаны үшін 20-дан 40 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс қарастырылады.

Бұған дейін Қырғызстандағы мемлекеттік марапаттар мен атақтардың саны екі есеге қысқарғаны хабарланған болатын.