Қырғызстанда Мемлекеттік күзет қызметі құрылды

Фото: Кабар

АСТАНА. KAZINFORM – Қырғызстанда Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің 9-шы қызметінің негізінде Президент жанындағы Мемлекеттік күзет қызметі құрылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Президент қол қойған жарлыққа сәйкес арнайы мемлекеттік орган президентке тікелей бағынады және оған есеп береді. МКҰ басшысын және оның орынбасарларын мемлекет басшысы қызметке тағайындайды және қызметтен босатады. Мемлекеттік күзет қызметі туралы ережені, оның штат саны мен құрылымын Президент бекітеді. 

Шекара қызметі Қырғыз Республикасының Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінен бөлініп, Қырғыз Республикасының тәуелсіз Мемлекеттік шекара қызметіне айналдырғаны да айтылды. Жаңа агенттікке Әбдікәрім Әлімбаев жетекшілік етеді. 

Қырғыз Республикасы Президентінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінде келесі кадрлық тағайындаулар болды: 

• Рустам Мамасадықов Қырғыз Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы қызметінен босатылып, Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды; 

• Ұранбек Шадыбеков Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары – Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің Киберқауіпсіздік жөніндегі үйлестіру орталығының директоры болып тағайындалды; 

• Әлішер Ербаев Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары – Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің Терроризмге қарсы орталығының директоры болып тағайындалды. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Қырғызстанның ҰҚМК басшылық құрамында ауыс-түйіс болғанын жазған едік.