Қырғызстанда мемлекеттік марапаттар саны екі есе қысқартылды
БІШКЕК. KAZINFORM – Қырғызстанда мемлекеттік марапаттар, құрметті атақтар және мемлекеттік сыйлықтар туралы заңға қол қойылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі.
Құжатта ынталандыру жүйесін жетілдіру, сондай-ақ марапаттар санын 46-дан 22-ге дейін қысқарту қарастырылған.
Заңмен «Эрдик» ордені (дәрежесіз), «Ардақ» медалі, «Қырғыз Республикасының жаратманы» құрметті атағы, «Қырғыз Республикасының сыймығы» құрметті атағы құрылды.
«Қырғыз Республикасының эл мугалими» («Халық мұғалімі»), «Қырғыз Республикасының эл врачы» («Халық дәрігері»), «Қырғыз Республикасының эл артиси» («Халық әртісі»), «Қырғыз Республикасының эл жазуусусу» («Халық жазушысы»), «Қырғыз Республикасының эл акыны» («Халық ақыны»), «Қырғыз Республикасының эл сүрөтчүсү» («Халық суретшісі») құрметті атақтары сақталды.
Бұдан басқа, мемлекеттік марапаттар жүйесінен «Ата Мекен Баатырының» ең жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі, «Данакер» ордені, үш дәрежелі «Эрдик» ордені, «Даңқ» медалі, Қырғыз Республикасының құрмет грамотасы және екінші санаттағы «Еңбек сіңірген» атағы алынып тасталды.
Осыған дейін Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Ош облысы Ноокат ауданының тұрғындарымен кездесуінде әкімшілік-аумақтық реформаның екінші кезеңін жариялады.
Онда қырғыз басшысы билік елде облыстар мен аудандардың орнына 20 округ құруды жоспарлап отырғанын айтты.