Қырғызстанда мемлекеттік майнинг заңдастырылды
АСТАНА.KAZINFORM – Қырғызстанда виртуалды активтер туралы заңға түзетулер қабылданды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Енгізілген өзгерістер елдегі цифрлық активтер саласына бақылауды күшейтуге, сондай-ақ Қырғыз Республикасындағы виртуалды активтер нарығының тұрақтылығы мен ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Негізгі жаңашылдықтар:
«Мемлекеттік майнинг» және «мемлекеттік криптовалюталық резерв» ұғымдары ресми түрде енгізілді, сондай-ақ «стейблкоин», нақты активпен қамтамасыз етілген токен ұғымдарының анықтамалары нақтыланды;
Виртуалды активтер саласында инновациялық қызметтерді бақыланатын ортада сынақтан өткізуге мүмкіндік беретін «реттеуші құмсалғыштар» (regulatory sandbox) тетігі енгізілді;
қызмет көрсетушілерге берілетін лицензиялар енді шектеулі мерзімге жарамды болады, атаулы (берілмейтін) сипатқа ие және үшінші тұлғаларға табыстауға жатпайды;
майнингпен айналысатын барлық тұлға міндетті түрде ресми тіркеуден өтіп, тиісті сертификат алуы тиіс.
Бұған дейін Қырғызстанда ет сататын мобильді дүкендер пайда болатыны туралы жазған едік.