Қырғызстанда президент сайлауына қатысуға алғашқы кандидат өтініш берді

АСТАНА. KAZINFORM — Кәсіпкер Аймен Касенов Қырғызстанның Орталық сайлау комиссиясына президент сайлауына қатысу үшін өз кандидатурасын ұсынды, деп хабарлайды Kazinform 24.kg сайтына сілтеме жасап.

Фото: 24.kg

Аймен Касеновтің бизнесте 25 жылдық тәжірибесі бар. Ол бұрын Ресей-Қырғызстан даму қорының басқарма мүшесі, «Газпромнефть-Казахстан» компаниясының бас директоры және Бішкек мэрінің кеңесшісі қызметтерін атқарған.

Егер Аймен Касеновке сайлауға түсуге рұқсат берілсе, бұл оның екінші президенттік науқаны болады. Ол 2021 жылы да сайлауға қатысып, 1%-дан аз дауыс жинаған.

Президенттік сайлауға кандидаттарды ұсыну мерзімі 2026 жылдың 13 қарашасына дейін созылады, содан кейін Орталық сайлау комиссиясы кандидаттарды тіркеуді және сайлауға одан әрі дайындықты бастайды.

Еске сала кетейік, Қырғызстанда президент сайлауы 2027 жылғы қаңтарда өтеді.

Қырғызстан Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, президент сайлауына барлығы 1,2 млрд сом (шамамен 6,06 млрд теңге) жұмсалмақ.