Қырғызстанда шекарадағы нысандар мен қоршауларды бүлдіргендерге жаза күшейеді

АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстан шекара инфрақұрылымын бүлдіргені үшін айыппұл салу жәнге бас бостандығынан айыру жазасын енгізуді ұсынып отыр, деп Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі хабарлады. Тиісті заң жобасы Жогорку Кенешке ұсынылды.

Фото: Қырғызстанның мемлекеттік шекара қызметі

Қырғызстанның мемлекеттік шекарасында, сондай-ақ көршілес елдермен аумақтарда мал айдау және тауарларды шекарадан өткізу мақсатында тікенекті сымдарды қасақана бүлдіру және кесу жағдайлары жиі тіркелетіні айтылды.
Инфрақұрылымға келтірілген залал шекара қауіпсіздігінің тиімділігін төмендетеді, тауарлардың, жануарлардың және адамдардың заңсыз қозғалысына жағдай жасайды, қоршауларды қалпына келтіруге біршама шығын кетеді және шекарадағы бөлімшелердің жұмысына кедергі келтіреді.

Түзетулерге сәйкес, келесі шаралар енгізілмек:

  • Тауарларды, малды немесе басқа заттарды заңсыз алып өту немесе тасымалдау мақсатында мемлекеттік шекарадағы инфрақұрылымды қасақана бүлдіру, жою немесе жарамсыз ету екі жылға дейінгі мерзімге түзеу жұмыстарымен, 50 000-нан 100 000 сомға дейін (260 000-нан 520 000 теңгеге дейін) айыппұлмен немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айырумен жазаланады.
  • Бұл әрекетті адамдар тобы жасаса немесе алдын ала сөз байласу арқылы жасалса 100 000-нан 200 000 сомға дейін (520 000-нан 1 миллион теңгеге дейін) айыппұл салу немесе үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалмақ, шетел азаматы болса, депортациялануы да мүмкін.
  • Ұйымдасқан топ немесе қылмыстық қауымдастық шекара қызметінің қызметкеріне қарсы күш қолдану немесе қорқыту арқылы жасаған әрекеттері үшін елден депортациялау немесе онсыз үш жылдан бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. 
  • Жоғарыда аталған жазалар шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдардың баспана алу құқығын жүзеге асыру үшін келген жағдайларына қатысты қолданылмайды.
  • Шекара қоршаулары мен заттарына абайсыздықтан, соның ішінде мал иесінің немесе бақташының малды дұрыс бақыламауы салдарынан келтірілген залал үшін жеке тұлғаларға 5500 сом (28 000 теңгеден астам), ал заңды тұлғаларға 17 000 сом (89 000 теңге) айыппұл салынады.

Еске сала кетейік, Қырғызстан Тәжікстанмен шекарада қоршау орнатуды өткен айда аяқтаған болатын.