Қырғызстанда студенттерді ротациялау жүйесі енгізіледі

Фото: freepik

АСТАНА. KAZINFORM — 2027 жылы Қырғызстанда студенттерді ротациялау жүйесі енгізілмек. Бұл туралы Жогорку Кенеш отырысында ел президенті Садыр Жапаров айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі тілшісі.

Президенттің сөзінше, мемлекет жоғары оқу орындарында оқыту үшін 10 мың білім беру грантын бөледі. Оның ішінде, солтүстік аймақтан 5 мың студент оңтүстікке оқуға кетсе, оңтүстік аймақтан 5 мың студент солтүстікке оқуға барады.

Елдің барлық облыстарында және Қырғызстан астанасында заманауи студенттік жатақханалар салынып, барлық жайлылық қамтамасыз етіледі. Жаңа бастама ел азаматтарын өңірлер бойынша бөлінуден қорғауға бағытталған.

Садыр Жапаров соңғы бес жылда елді солтүстік және оңтүстікке бөлу туралы әңгімелердің дерлік тоқтағанын атап өтті. Кез келген бөлінуді тоқтату мақсатында әкімдер, судьялар және басқа мемлекеттік қызметшілердің ротациясы жүргізілген, оның нәтижесі оң болды.

Бұған дейін хабарланғандай, Қырғызстанда 12 жылдық мектепті тәмамдау туралы алғашқы аттестаттар 2029 жылы берілмек.