Қырғызстанда студенттерге арналған несие беріле бастайды

АСТАНА. KAZINFORM — Бұл туралы Қырғызстан президенті Садыр Жапаров елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының стратегиялық бағыттарына арналған республикалық кеңесте мәлімдеді. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі хабарлайды.

Фото: bulak.kg

Қырғызстан президенті білім мен ғылымның қазіргі жағдайы және болашағы туралы өз көзқарасын айтты. Оның сөзінше, жоғары оқу орындарында іргелі және қолданбалы ғылымдар, кибернетика, инженерия және техникалық пәндер саласындағы мамандарды даярлауға басымдық беріледі. Сондай-ақ мектептерде жаратылыстану ғылымдары, технология, инженерия және математика бағытындағы білім беруді дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.

— Біздің студенттер халықаралық деңгейдегі жоғары білім алу мүмкіндігіне ие болуы керек. Біз әлемнің жетекші университеттерімен қос дипломды бірлескен бағдарламаларды дамытып, Қырғызстанда танымал халықаралық университеттердің филиалдарын ашуға жағдай жасаймыз, — деді Садыр Жапаров.

Қырғызстан басшысы кәсіптік білім беруге де ерекше назар аударды. Білім беру бағдарламалары салалық қауымдастықтармен және жұмыс берушілермен бірлесіп әзірленіп, жаңартылатыны атап өтілді. Бұл ретте практикалық даярлыққа, заманауи технологияларға және нақты кәсіби дағдыларды қалыптастыруға басымдық беріледі.

— Ол үшін бізге Қырғызстаннан да, шетелден де жоғары білікті академиялық мамандар қажет. Біз осындай мамандарды елге тартуға, оларды жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге, мемлекеттік тапсырыстар беруге, ғылыми зерттеулерді қаржыландыруға және қажетті тұрғын үй жағдайларын жасауға дайынбыз, — деді ол.

Қырғызстан президентінің айтуынша, білім алудың қолжетімділігін арттыру мақсатында жақын арада елде «Студенттік несие» деп аталатын ұзақ мерзімді тетік іске қосылады.

Бұған дейін Садыр Жапаров 2030 жылдың соңына қарай елдің жалпы ішкі өнімінің жылдық орташа өсімін 8 пайызға жеткізуді тапсырғаны хабарланған болатын.