Қырғызстан 2030 жылға қарай ЖІӨ өсімін 8%-ға жеткізбек

АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстан президенті Садыр Жапаров 2030 жылдың соңына қарай ЖІӨ-нің орташа жылдық өсімін 8%-ға жеткізуді мақсат етіп қойды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі.

Қырғызстан
Фото: Kazinform

Елдің стратегиялық әлеуметтік-экономикалық даму бағыттарына арналған республикалық отырыста негізгі макроэкономикалық бағыттар жарияланды.

Жапаров бірнеше стратегиялық мақсаттарды атап өтті.

— 2030 жылдың соңына қарай біз бірқатар мақсатқа қол жеткізуді көздеп отырмыз. Олардың негізгілері: макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық нақты өсу қарқынын 8%-ға жеткізу және тікелей шетелдік инвестициялар ағынын жыл сайын 20%-ға арттыру, — деді Қырғыз Республикасының президенті.

Осыған байланысты министрлер кабинеті мен орталық мемлекеттік органдарға мыналар тапсырылды:

* экспортқа бағытталған қызмет көрсету-өнеркәсіптік даму моделін әзірлеу және ұсыну;

* сауда және кеден саясатын жаңғырту, оларды жергілікті тауарлар мен қызметтерді белсенді түрде ілгерілетуге бағыттау;

* қаржыландыру жүйесін түрлендіру, оны экономиканың нақты секторындағы жобаларға ұзақ мерзімді инвестицияларға бағыттау;

* жеке меншікті қорғау және кәсіпкерлерді қолдаудың бірыңғай тұжырымдамасын әзірлеу үшін сот органдарымен бірлесіп жұмыс істеу, соның ішінде мемлекеттік органдарды азаматтар мен бизнестің құқықтарын қорғауға қайта бағыттау;

* рұқсат алу, инвестициялық келісімдер жасау және инвесторларды қолдау рәсімдерін жеңілдету бойынша күш-жігерді жалғастыру;

* ел ішінде жасалған қосымша құнды барынша арттыруға бағытталған туристік қызметтердің бірыңғай тізбегін құру;

* білім беру жүйесін экспортқа бағытталған қызмет көрсету-өнеркәсіптік даму моделіне бейімдеу;

* әлеуметтік жағынан осал топтарға мақсатты қолдауды жалғастыру.

Жоспарланған шараларды іске асыру мемлекеттің экономикалық әлеуетін нығайтуға, елдегі ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді қамтамасыз етуге және әрбір отбасының әл-ауқатын тұрақты түрде жақсартуға мүмкіндік беретіні айтылды.

Бұған дейін Қырғызстанда жыл басынан бергі тоғыз айда тұтыну бағалары мен тарифтер 8,1 пайыз өскені хабарланған болатын.