Қырғызстандағы парламент сайлауы: Қазақстанда қосымша сайлау учаскелері ашылды

Фото: Кабар

БІШКЕК. KAZINFORM – Шетелде тұратын және өзге елде жүрген қырғыз азаматтары үшін мерзімінен бұрын парламент сайлауында дауыс беру үшін әлемнің 34 елінде 100 сайлау учаскесі ашылды, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Қырғыз Республикасының Сайлау және референдумдар жөніндегі орталық комиссиясы 5 қарашада Алматы, Тараз және Шымкент қалаларында қосымша үш сайлау учаскесін құру туралы қаулы қабылдады. 

Бұған дейін Қазақстанда Қырғыз Республикасының азаматтары Астанадағы (ҚР-дағы Қырғызстан елшілігі), Алматыдағы (ҚР-дағы Қырғызстанның Бас консулдығы) және Атырау мен Қарағандыдағы учаскелерде дауыс бере алатынын хабарлаған едік. 

Еске сала кетсек, Қырғыз Республикасы Президентінің 30 қыркүйектегі жарлығымен Жогорку Кенеші депутаттарының мерзімінен бұрын сайлауы 2025 жылдың 30 қарашасы, жексенбі күні өткізілетіні бекітілді. 

Қырғыз Республикасының Сайлау және референдумдар жөніндегі орталық комиссиясының мәліметі бойынша, барлығы 589 кандидат ұсынылды, оның 365-сі – ер адам, 224-і – әйел. Кандидаттарды тіркеу 9 қарашаға дейін жалғасады. Үгіт-насихат науқаны 10 қарашадан басталады.

Қырғызстан Республикасының Сайлау және референдумдар жөніндегі орталық комиссиясы мерзімінен бұрын парламенттік сайлауға 127 халықаралық бақылаушы аккредиттеді. 

Бұған дейін Қырғызстанға парламенттің өзін-өзі таратуы не үшін қажет екенін жазған едік.