Қырғызстандық сарапшы: Жаңа Конституция — тұрақтылық пен жаңғыруға жол ашады

Фото: Гүлмира Абдрахманова/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстандық заңгер, «Тандем» заңгерлер қауымдастығының негізін қалаушы Таттуубубу Эргешбаева Қазақстанның жаңа Конституциясы жобасына қатысты талдауын ұсынды.

Сарапшының айтуынша, Конституция жобасы мемлекеттік басқаруда тұрақтылық пен жауапкершілікке негізделген күшті президенттік басқару моделін ұсынады.

— Жоба Президенттің билік жүйесіндегі негізгі рөлін сақтай отырып, конституциялық бақылау мен парламенттің қатысу тетіктерін күшейтуді көздейді. Бұл мемлекеттік басқаруды нығайтып, тәуекелдерді азайтуға бағытталған, — деді ол.

Сарапшының айтуынша, бейбіт жиналыстар өткізу құқығы ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қорғау мақсатында заңмен шектелуі мүмкін.

Заңгер Конституция жобасы алғаш рет цифрландыру дәуірінің сын-қатерлерін конституциялық деңгейде ескеріп отырғанын жеткізді.

— Құжатта жеке деректерді қорғау және цифрлық ортадағы жеке өмірге қол сұқпаушылық құқығы бекітілген. Бұл нормалар жалпы сипатқа ие және алдағы уақытта салалық заңнамалар арқылы нақтылауды талап етеді, — деді сарапшы.

Эргешбаеваның пікірінше, жаңа Конституция жобасы Президенттің негізгі рөлін сақтап, оның жеке жауапкершілігін күшейтеді.

Сарапшы екі палаталы Парламенттен бас тартып, бірыңғай өкілді орган — Құрылтайды енгізу парламент бақылауын және партиялардың рөлін күшейтетінін атап өтті.

Сонымен қатар, Эргешбаева Конституциялық Соттың өкілеттіктері айтарлықтай кеңейтілгеніне назар аударды.

— Конституциялық Сот билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ететін негізгі институтқа айналады. Солай заң шығарушы және атқарушы биліктің конституциялық қағидаттардан ауытқуына жол бермейтін тетік ретінде қызмет атқарады, — деді ол.

Таттуубубу Эргешбаеваның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен дайындалған Конституция жобасы институционалдық тұрақтылық пен егемендікті сақтап, саяси-құқықтық жаңғыруға бағытталған.

Айта кетейік, бұған дейін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Самат Нұртаза жаңа Конституцияға қатысты пікір білдірген еді.