Қырғызстанның экс-президенті энергетика саласындағы дағдарысқа билікті кінәлады
АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев елдегі энергетика саласындағы дағдарысқа билікті кінәлап, Садыр Жапаровтың айыптауларын жалған деп атады. Экс-президент майнинг-фермалар мен басқару қателіктері дағдарысты тереңдеткенін мәлімдеді, деп жазады Kazinform.
Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаев Facebook-тегі жазбасында қазіргі биліктің энергетика саласына қатысты мәлімдемелеріне жауап беріп, Садыр Жапаров бастаған басшылықты шынайы жағдайды бұрмалап отыр деп айыптады.
Ол президент Жапаровтың өзі бақылауында екенін мойындаған екі майнинг-ферма — соның ішінде Қамбар-Ата-2 маңындағы нысан электр тапшылығына елеулі үлес қосқанын атап өткен. Атамбаев бұл нысандардың Максим Бакиев пен Алексей Ширшовқа жақын тұлғалармен байланысы бар екенін де айтты.
Экс-президент сондай-ақ алғашқы ірі энергетикалық дағдарыстың Бакиев тұсында басталғанын еске салды.
— Ол кезде жағдай қазіргіден де ауыр болатын. Энергоайналым жоқ, жылу электр станциясы тозған. Жарық тәулігіне 8-10 сағатқа дейін жиі өшетін, — деді Атамбаев.
Оның айтуынша, 2010 жылдан кейін энергетиктер мен инженерлердің еңбегі арқасында саладағы мәселелер бірнеше жылда шешіле бастаған.
Еске салсақ, Қырғызстанда 2023 жылдың 1 тамызынан бастап 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін энергетика саласында төтенше жағдай режимі енгізілген.
2025 жылдың қыркүйегінде энергетика министрі Таалайбек Ибраев алдағы қыс маусымының соңғы жылдардағы ең күрделісі болатынын ескертіп, азаматтарды электр энергиясын үнемдеуге шақырған болатын. Қазір ел тұтынатын электр көлемі өндіріс мүмкіндігінен асып түседі. Тапшылық көрші елдерден импорт арқылы жабылып отыр.
Үнемдеу шаралары аясында мемлекеттік мекемелерде 18:00-06:00 аралығында жарықтандыру мен электр құрылғыларын пайдалануға шектеу қойылды. Мектептерде де арнайы режим енгізілген.
Ал Бішкектегі барлық мәдени-ойын-сауық объектілері «тыныштық туралы» заң талаптары және энергия үнемдеу мақсатында сағат 22:00-ден кейін жұмыс істемейді.