Қырғызстан Ұлттық статистика комитетінің мәліметінше, бұған тауар өндіру салалары мен қызмет көрсету секторындағы өндіріс көлемінің, сондай-ақ өнімдерге салынатын салық түсімдерінің артуы әсер еткен.
ЖІӨ құрылымында қызмет көрсету саласы 48,9 пайыздық үлеспен көш бастады. Ал өнеркәсіптің үлесі 18,2 пайыз болса, ауыл шаруашылығы 8,4 пайыз, құрылыс 9,4 пайыз, өнімдерге салынатын салықтар 15,1 пайыз болды.
2026 жылдың қаңтар-қазан айларында өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 770,9 млрд сомға жетті. Бұл көрсеткіштің өсуіне тамақ өнімдері (сусындарды қоса алғанда) мен темекі өндірісінің 10,1 пайызға, фармацевтикалық өнімдердің 13,5 пайызға, құрылыс материалдарының 29,3 пайызға, ағаш және қағаз бұйымдары мен баспа өнімдерінің 36,5 пайызға, көлік құралдарының 38,3 пайызға артуы әсер етті. Бұған қоса тазартылған мұнай өнімдерін өндіру 1,8 есе, химия өнімдерін өндіру 2,4 есе, пайдалы қазбаларды өндіру 7,5 пайыз өсті.
Сондай-ақ құрылыс саласында да оң өсім байқалды. Мұнда жұмыс көлемі 1,6 есе артқан. Ал ауыл шаруашылығындағы өсім 4,7 пайызды, көтерме және бөлшек саудадағы өсім 4,3 пайызды құрады.
Бұдан бөлек 2026 жылдың қаңтар-қазан айларында Қырғызстанда тұтыну бағалары мен қызмет тарифтері 8,8 пайыз көтерілді. Атап айтқанда, азық-түлік пен алкогольсіз сусындар 7,7 пайыз, алкогольді ішімдіктер мен темекі өнімдері 8 пайыз, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 7,6 пайыз, ал қызмет тарифтері 12,2 пайыз өскен.
Бұған дейін Қырғызстанда жыл басынан бергі тоғыз айда тұтыну бағалары мен тарифтер 8,1 пайыз өскені хабарланған еді.