Жамбыл облысында екі балаға зорлық көрсеткен күдікті қамауға алынды - ІІМ

ТАРАЗ. KAZINFORM — Жамбыл облысы Талас ауданында екі кәмелетке толмаған балаға қатысты жүйелі түрде ұрып-соғу фактісі бойынша қозғалған қылмыстық істің тергелуі Ішкі істер министрі Ержан Саденовтің жеке бақылауына алынды. Бұл туралы ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев хабарлады.

Фото: Polisia.kz

Ресми өкілдің дерегінше, қазіргі уақытта күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Ал жәбірленуші балаларға қажетті медициналық және психологиялық көмек көрсетілуде.

- Сонымен қатар аталған оқиғаға байланысты жергілікті полиция қызметкерлеріне қатысты қызметтік тексеріс басталды.

Ішкі істер министрі бұл істі жеке бақылауына алды, – деп жазды Шыңғыс Әлекешев өз парақшасында.

ІІМ мәліметіне қарағанда, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген түрі қатаң түрде тоқтатылып, мұндай жағдайларға принципті әрі заң аясында шара қолдану көзделеді.

- Балалар қауіпсіздігі – абсолютті басымдық, – деп атап өтті Ішкі істер министрі Ержан Саденов.

Айта кетейік, Жамбыл облысының 3 ауданында құқықтық тәртіпті күшейту тапсырылды.