Кішкентай оқырмандар үшін ерекше әлем құрылып жатқанын байқаймын - Асхат Аймағамбетов

АСТАНА. ҚазАқпарат – Өз ісіне адал, кәсіби кітапханашылардың кішкентай оқырмандарымыз үшін кітапханадан ерекше бөлек әлем құрып жатқанын байқаймын. Кітапханашыларды бүгінгі кәсіби мерекесімен құттықтаған Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов осындай ой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомство басшынысының телеграм каналына сілтеме жасап.

«

Өңірлерге іссапармен барғанда міндетті түрде мектеп кітапханаларын аралаймын. Кітапханашылармен әңгімелесіп, кітапханалардың көркем әдебиетпен қамтамасыз етілуін, жөндеу және жабдықтау жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын тексеремін. Бұл шаралардың барлығы Президенттің тапсырмасы бойынша «Оқуға құштар мектеп» республикалық жобасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Былтыр жобаны іске асыру аясында мектеп кітапханаларына 2 млн астам кітап сатып алынса, биыл 1,5 млн кітап жеткізілді. Бұл – отандық және әлем әдебиеті. Сондай-ақ, ғылыми фантастикаға да көп көңіл бөліп жатырмыз. Айзек Азимов, Рэй Бредбери, ағайынды Стругацкий және басқа авторлардың шығармалары қиялдың, ойдың дамуы үшін өте маңызды. Жыл сайын балалар көркем әдебиетін сатып алудың арқасында баспагерлер оларды мемлекеттік тілге аударуға белсене кіріскені қуантады

«, - деп жазады министр.

Ол оқушыларды кітап оқуға баулу, олардың кітапқа деген сүйіспеншілігін ояту өте маңызды екеніне тоқталады.

«

Әрине, бұл жұмыстың барлығы кітапханашылардың еңбегінсіз мүмкін емес. Бүгінгі таңда еліміздің мектептерінде 8 мыңға жуық кітапханашы (7 841) жұмыс істейді. Балалармен тіл табысу, оларды кітап оқуға баулу, жарық көрген үлкен әдебиеттер ағынын шарлау, кітап қорын білу және оқушылар мен колледж студенттеріне кітап оқуға кеңес беру – үлкен интеллектуалды жұмыс. Әріптестеріммен әңгімелескенде өз ісіне адал, кәсіби кітапханашылардың кішкентай оқырмандарымыз үшін кітапханадан ерекше бөлек әлем құрып жатқанын байқаймын. Бүгінгі мереке – осы мамандықтың қаншалықты маңызды екенін мойындау. Оқушылар мен студенттер еңбектеріңізді жоғары бағалайтынына сенімім мол. Кәсіби мереке құтты болсын, құрметті әріптестер!

» - дейді Асхат Аймағамбетов.

Еске салсақ, жуырда Үкімет «Кітапханашылар күні» жаңа кәсіби мерекесін бекітті. Бүгін еліміздегі 19 мың кітапханашы тұңғыш рет кәсіби мерекесін атап өтті.