Қысқа әрі қауіпсіз: ШҚО-да Осинов асуын айналып өтетін жаңа жолдың пайдасы қандай

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскеменнен Алтай мен Катонқарағайға бет алған жүргізушілер енді күрделі де қауіпті Осинов асуын айналып өтетін болады. Себебі бірнеше жылға созылған жаңа жол құрылысы аяқталуға таяу. Ұзындығы 12 шақырымға жуық бұл бағыт жол ұзақтығын қысқартып қана қоймай, қаһарлы қыстың қатал күндерінде қауіпсіздікті арттырып, өңірдің туристік бағыттарына жетуді жеңілдетпек.

Фото: ШҚО әкімі баспасөз қызметі

Биыл 30 маусымда Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды үлкен құрылыс алаңына айналдыруымыз керектігін мәлім еткен болатын.

Фото: ШҚО әкімі баспасөз қызметі

- Біздің алдымызда аса маңызды, өте жауапты және шұғыл міндет бар. Бұл - кең ауқымды құрылыс жүргізу. Елімізде неғұрлым құрылыс көп болса, Қазақстан да соғұрлым өркендей береді. Ең алдымен, бұл - негізгі инфрақұрылымға қатысты мақсат. Біз теміржолдарды, автожолдарды, әуежайларды, вокзалдарды, сумен қамтамасыз ететін ірі құрылғыларды, өндіріс және өнім кәсіпорындарын, қала ғимараттарын және тағы басқа нысандарды жоғары қарқынмен салуымыз керек, - деген еді Президент. 

Осы ретте, Шығыс Қазақстан облысында жол жағдайын жақсарту мақсатында қолға алынған жобалардың бірі - Осинов асуын айналып өтетін жаңа жол құрылысы. Бұл мақалада сол жолдың халыққа қандай пайдасы барын тарқатпақпыз.

Созбалаңға салынуына не себеп?

Әуелі шегініс жасап, жобаның қалай «сақалды құрылысқа» айналғанын айта кетейік. Жол құрылысы 2017 жылы басталып, 3 жылда аяқталады деп жоспарланған-тұғын. Алайда орман қорына тиесілі жер телімдерін рәсімдеудегі қиындықтарға байланысты мердігер компания жобаны іске асырудан бас тартты.

Фото: ШҚО әкімі баспасөз қызметі

Кейін инфляция, жобадағы өзгерістер мен ұзаққа созылған келісімдер жолды өңірдегі ең ұзаққа созылған құрылысқа айналдырды. Тұралап қалған құрылыс жұмыстары тек 2023 жылдың қарашасында қайта жанданды.

Алайда сол кезде де құрылыс жұмыстарын жылдам аяқтау мүмкін болмады. Бұған мердігерлердің ауысуы, қаржыландырудың жеткіліксіздігі және жобалау кезінде жіберілген қателіктер себеп болды. Атап айтқанда, биік таулы аймақтағы көпірді салу кезінде топырақтың ерекшеліктері толық ескерілмегендіктен, тірек конструкцияларын орнатуда қиындықтар туындаған. Кейіннен жобалық шешімдер қайта қаралып, жұмыс ілгерілей бастады.

Жол ұзақтығы қысқарады

Биыл жазда облыс әкімдігі Осинов асуындағы жол күзде пайдалануға беріледі деп хабар таратты. Жобаның жалпы құны - 19,9 млрд теңге. Расыменде құрылыс жұмыстары аяқталуға таяу қалып отыр.

- Шығыс Қазақстан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, туристік бағыттарға апаратын жолдардың сапасы мен қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Осы мақсатта қолға алынған жобалардың бірі - Осинов асуын айналып өтетін жаңа жол құрылысы. Бүгінде ұзындығы 12 шақырымға жуықтайтын жолдың негізгі бөлігі дайын. Жолды қараша айының бірінші онкүндігінде пайдалануға беру жоспарланып отыр, - деп хабарлады ШҚО әкімінің баспасөз қызметінен.

Фото: ШҚО әкімі баспасөз қызметі

Жаңа жолдың іске қосылуы жол қозғалысының қауіпсіздігін айтарлықтай арттырады. Жаз мезгілінде демалыс күндері ғана Өскеменнен Бұқтырма су қоймасына қарай 20 мыңнан астам автокөлік қатынайды. Жол пайдалануға берілгеннен кейін жүргізушілер қауіпті Осинов асуын айналып өтіп, Алтай, Үлкен Нарын және Катонқарағай аудандарындағы туристік бағыттарға әлдеқайда жылдам жете алады.

- Жыл сайын жазда бала-шағаммен Бұқтырма жағалауына барып демаламыз. Сол кезде осы Осинов асуымен жүргенде жанымызды шүберекке түйіп өтеміз десем артық айтқандық емес. Себебі бір теріс қимыл жасасаң жыраға құлайсың. Ал қыста бұл жолмен мүлде жүрмеуге тырысамын. Сондықтан жаңа жолдың ашылуын тағатсыздана күтіп жүрмін, - дейді өскемендік Нұрболат Қадырбаев.

Жаңа жолдағы көпірдің ұзындығы 176 метр, ал биіктігі 45 метр. Жолдың тағы бір маңызды ерекшелігі - оның бұрынғы айналма бағытпен салыстырғанда шамамен 6 шақырымға қысқа болуы. Бұл жүргізушілердің уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді.

Соңғы арқалық орнатылды

Осинов асуы - қыста ауа райының қолайсыздығына байланысты көлік қозғалысы күрделенетін учаскелердің бірі. Жаңа жолдың іске қосылуы осы аумақтағы қозғалыс қауіпсіздігін арттырып, көлік қатынасын жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Фото: Алтай ауданы әкімдігі

Сонымен қатар жаңа бағыт Шығыс Қазақстанның туристік әлеуетін дамыту үшін маңызды. Жол пайдалануға берілгеннен кейін демалушылар Алтай, Үлкен Нарын және Катонқарағай аудандарындағы туристік нысандарға қауіпсіз әрі қысқа бағытпен жете алады.

Ал 20 қыркүйекте құрылысшылар Пихтовка өзені арқылы өтетін көпірге соңғы арқалықты орнатты.

- Біз Қазақстандағы ең биік көпірді салып жатырмыз. Биіктігі 45 метр болатын көпір енді екі тау жотасын жалғап тұр. Алда құрылыс-монтаждау жұмыстарының соңғы кезеңі қалды. Бұл жол пайдалануға берілгенде жүргізушілер қауіпті тау серпантинін айналып өтіп, діттеген жеріне әлдеқайда қауіпсіз әрі қолайлы жағдайда жететін болады, - деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

P/s: Осинов асуын айналып өтетін жаңа жол - жолға қатысты кезекті бір жоба ғана емес. Бұл - жылдар бойы халықты толғандырған мәселенің шешуі, жол қауіпсіздігін күшейтіп, уақытты үнемдеуге және Шығыс Қазақстанның туристік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Жаңа жолдың пайдасын күн сайын осы бағытпен жүретін жүргізушілер мен жолаушылар көрмек.

Еске салсақ, бұған дейін Түркістанда жол құрылысы материалдарының 50-ден астам сынамасы талапқа сай болмағаны хабарланған.