Қыс түскенде жүргізушілер көліктің қысқы шиналарын уақытында ауыстырып, оларды дұрыс таңдауға мән беруі керек. Бұл жол қауіпсіздігі үшін маңызды.
Қысқы шиналардың негізгі түрлері қандай
Автокөліктерге арналған қысқы шиналар үш негізгі түрге бөлінеді.
Біріншісі — шегелі шиналар. Шегелі шиналар мұзды және көктайғақ жолда жолмен жақсы ілініседі. Мұндай шиналар ауа температурасы жиі төмендеп, мұз қататын аймақтарға қолайлы.
Екіншісі — фрикциялық (жабыспалы) шиналар. Бұл түрі қала жағдайында және жұмсақ климатта тиімді. Фрикциялық шиналар қарлы жол мен дымқыл асфальтта тиімді, бірақ мұз үстінде шегелі шиналарға қарағанда ілінісуі төмен болуы мүмкін.
Үшіншісі — жыл бойғы шиналар. Жыл бойғы шиналардың қысқы жағдайда тиімділігі климатқа және шинаның нақты сипаттамаларына байланысты. Сондықтан оларды барлық қыс жағдайына бірдей жарамды деп көрсетуге болмайды.
Қысқы шинаны таңдағанда неге мән беру керек
Мамандардың айтуынша, қысқы шиналарды таңдауда бірқатар техникалық көрсеткішке назар аудару қажет.
Жылдамдық және жүктеме индексі. Таңдалған шиналар көліктің техникалық сипаттамаларына сәйкес болуы тиіс. Бұл көрсеткіш шинаның рұқсат етілген ең жоғары жылдамдығы мен көтере алатын салмағын айқындайды.
Протектор тереңдігі. Қысқы шиналардың протекторының тереңдігі кемінде 4 миллиметр болуы керек. Бұл көрсеткіш жолмен ілінісу сапасына және көліктің тұрақтылығына тікелей әсер етеді.
Қолдану мерзімі. Тәжірибе бойынша бес жылдан асқан шиналарды пайдалану ұсынылмайды, себебі уақыт өте келе олар өзінің серпімділік қасиетін жоғалтады.
Қысқы шинаға қатысты қандай талаптар бар?
Кеден одағының «Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентіне (ТР ТС 018/2011) сәйкес, 1 желтоқсан мен 28 (29) ақпан аралығында барлық М1, N1, N2 және N3 санатындағы көліктер (жеңіл автомобильдер, жүк көліктері және автобустар) қысқы шиналармен жабдықталуы тиіс. Қысқы шиналарда міндетті түрде M S немесе тау бейнесіндегі қар ұлпасы белгісі (3PMSF) болуы қажет. Аталған талаптарды бұзған жағдайда жүргізушілер Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Қысқы шинаны қалай күтіп ұстау керек?
Сарапшылар қысқы кезеңде шиналарды ұдайы тексеріп отырудың маңыздылығын атап өтеді. Суық ауа райында шиналардағы қысым төмендейді, бұл көлік басқарылуына және отын шығынына әсер етеді. Шиналардың жарық, тілім және тозу белгілерін дер кезінде анықтап, ауыстыру қажет. Дөңгелектердің теңгерімі (балансировкасы) бұзылған жағдайда шиналардың мерзімінен бұрын тозуы және көліктің тұрақтылығының төмендеуі мүмкін.
— Қысқы шиналарды уақтылы орнатып, оларды дұрыс пайдалану әрбір жүргізушінің қауіпсіздігінің кепілі. Көлікті қысқы маусымға алдын ала дайындау арқылы жүргізушілер өз өмірін және өзгелердің қауіпсіздігін сақтайды, — делінген хабарламада.
Бұған дейін Шымкентте тозған шиналарды қайта өңдеу қуаты жылына 10 мың тоннаға дейін артқанын жазғанбыз.