Шымкентте тозған шиналарды қайта өңдеу қуаты жылына 10 мың тоннаға дейін артты

АСТАНА. KAZINFORM- Шымкенттегі «ЭКО Шина» ЖШС-нің тозған шиналарды қайта өңдеу қуаты жылына 6 мың тоннадан 10 мың тоннаға дейін ұлғайды. Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен кәсіпорынды жаңғырту жұмыстары аяқталып, өндіріс іске қосылды.

Шымкентте тозған шиналарды қайта өңдеу
Фото: ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Жобаға «Жасыл даму» АҚ кәдеге жарату төлемдері есебінен 500 млн теңге бөлген, деп хабарлайды ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі.

Өндірісті жаңғыртуға арналған қаражат 2024 жылғы қыркүйекте бөлініп, толық игерілді. Жобаны іске асыру нәтижесінде кәсіпорынның шиналарды қайта өңдеу қуаты жылына 4 мың тоннаға артып, дайын өнім өндіруге пайдаланылатын қайталама шикізат көлемі ұлғайды.

Кәсіпорын тозған шиналардан резеңке түйіршіктерін өндіреді. Олар балалар алаңдарына арналған жабындар жасауға пайдаланылады. Сонымен қатар зауытта резеңке-техникалық бұйымдар, соның ішінде тығыздағыштар (сальниктер) шығарылады.

Айта кетейік, «Жасыл даму» АҚ кәдеге жарату төлемдері есебінен жалпы сомасы шамамен 116 млрд теңгеге 30 жобаны қаржыландырды.

-Мұндай жобалар Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне сәйкес қалдықтарды басқарудың заманауи инфрақұрылымын дамытуға, қайта өңдеу көлемін арттыруға, көмуге жіберілетін қалдықтар көлемін азайтуға және қайталама шикізатты экономикалық айналымға тартуға ықпал етеді,-делінген хабарламада.

Осыған дейін Қазақстанда ірі шиналарды қайта өңдеу тәртібі өзгеруі мүмкін екені туралы жаздық.