АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін, 16 қаңтарда Италияның Турин қаласында 2025 жылғы Қысқы универсиаданың үшінші жарыс күнінде қазақстандық спортшылар биатлон, мәнерлеп сырғанау және шайбалы хоккейден сынға түседі.
Дүбірлі додада биатлон 14:00-де басталады. Аралас эстафетада ерлер 7,5, әйелдер 6 шақырымға жарыс жолына шығады. Аталған сында еліміздің намысын Никита Акимов пен Полина Егорова қорғайды.
Ал мәнерлеп сырғанауда қысқа бағдарламада сағат 22:00-ден бастап ерлер арасында Никита Кривошеев, Михаил Шайдоров пен Диас Жиренбаев сайысқа түседі.
Cағат 20:30-де шайбалы хоккейден әйелдер арасында Қазақстан мен АҚШ кездесуі басталады.
Қазірге дейін Қысқы универсиадада ел құрамасы қоржынында 2 алтын, 3 күміс, 1 қола медаль бар. Фристал -могулдан Анастасия Городко екі мәрте чемпион атанды.
Ал фристал-могулдан Аяулым Әмренова, парашаңғыдан Денис Зинов, фристайл-могулдан ерлер арасында Антон Бондарев күміс алса, парашаңғыдан Роман Құрбанов қола медаль иеленді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.