АСТАНА. KAZINFORM — Италияның Турин қаласында өтіп жатқан Қысқы Универсиадада шайбалы хоккейден Қазақстан ерлер құрамасы Чехияны жеңіп, жалпы есепте бесінші орынға тұрақтады.
Қазақстандық хоккейшілер қарсыласынан 5:2 есебімен басым түсті. Ел құрамасынан Олег Бойко (22-минут), Бейбарыс Оразов (31-минут), Денис Чапоров (44-минут) ижәне Семен Симонов (54, 55-минуттарда) мергендік танытты. Оған қарсыластар тарапынан Джошуа-Джеймс Маха (27-минут) және Йозеф Хасман (33-минут) екі голмен жауап қайырды.
Қазақстандық хоккейшілер А тобында сынға түсті. Қарсыластары — Канада, Чехия, Оңтүстік Корея және Швеция.
Алдымен Швецияны 9:2, Оңтүстік Кореяны 7:1 есебімен жеңіп, одан кейін Канадаға 3:4, Чехияға 1:3 есебімен жол берді. Өз тобында жеті ұпаймен үшінші орынға тұрақтады.
Ширек финалда қазақстандық хоккейшілер Словакияға 1:2 есебімен жол берді.
Ал Қазақстан әйелдер құрамасы жалпы есепте алтыншы орынға тұрақтады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.