Универсиада: Хоккейден Қазақстан ерлер құрамасы Словакиядан жеңіліп қалды
АСТАНА. KAZINFORM - 2025 жылғы Қысқы универсиадада шайбалы хоккейден Қазақстан ерлер құрамасы күтпеген жерден жеңіліске ұшырады.

Қазақстандық хоккейшілер ширек финалда Словакиямен кездесті. Бұл ойында қазақстандықтар басты фаворит саналған. Дегенмен қарсыласына 1:2 есебімен есе жіберді. Ел құрамасынан жалғыз голды Ян Тютюньков (34-минут) соқты.
Қазақстандық хоккейшілер А тобында сынға түсті. Қарсыластары - Канада, Чехия, Оңтүстік Корея және Швеция.
Алдымен Швецияны 9:2, Оңтүстік Кореяны 7:1 есебімен жеңіп, одан кейін Канадаға 3:4, Чехияға 1:3 есебімен жол берді. Өз тобында жеті ұпаймен үшінші орынға тұрақтады.
Енді хоккейден Қазақстан ерлер құрамасы 5-орын үшін бүгін, 20 қаңтарда Чехиямен шеберлік байқасады.
Айта кетейік, Қазақстан әйелдер құрамасы 5-орын үшін сайыста АҚШ құрамасынан 2:8 есебімен жеңіліп қалған болатын.
Еске салсақ, бұған дейін мәнерлеп сырғанаудан Софья Самоделкина қола жүлде алғанын жазған едік.