АСТАНА. KAZINFORM – Италияның Турин қаласында өтіп жатқан қысқы универсиада ойындарында Қазақстан медальдар кестесінде үздік үштікке енді.
Қазақстан құрамасы екі алтын, үш күміс, бір қоламен екінші орынға көтерілді.
Медальдар саны жөнінен Франция құрамасы алда келеді. Франциялықтар 4 алтын, 1 күміс, 1 қола алып үлгерді.
Финляндия құрамасы 2 алтын, 2 күміспен үшінші орында тұр.
Қазақстан қоржынына қос алтынды да фристайлшы, 19 жастағы Анастасия Городко салды. Ол алдымен фристайл-могулда алдына жан салмады. Содан кейін фристайл жұптық-могулда жеңімпаз атанды.
Сондай-ақ Аяулым Әмренова мен Антон Бондарев (екеуі де фристайл жұптық-могул) және Денис Зинов (парашаңғы, 10 км) күміс, Роман Құрбанов (парашаңғы, 10 км) қола медальға қол жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қысқы Универсиадада Анастасия Городконың фристайлдан чемпион атанғанын жазған болатынбыз.
Анастасия Городко Қазақстан қоржынына екінші алтынды салды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).