АСТАНА. KAZINFORM – Турин қаласында (Италия) өтіп жатқан Қысқы универсиадада Қазақстан қоржынына алғашқы алтын медаль салған Анастасия Городко жүлдесі жөнінде пікір білдірді.
Бүгін фристайл-могулдан қазақстандық Анастасия Городко ең жоғары ұпаймен (79,79) жеңіс тұғырына көтерілді.
- Ел қоржынына алғашқы жүлдені салғаныма қуаныштымын. Жарыс оңай болған жоқ. Алайда бәрі ойдағыдай өтті. Алтын медаль еншіледім. Әлем чемпионатынан кейін спорттық бабымды жоғалтпауға мән бердім. Жарыс жолына байланысты әркімнің пікірі түрліше болды. Өзіме ешқандай қиындық алып келген жоқ. Алға қойған мақсатымды орындап шықтым. Енді алдағы жарыстарда да жеңімпаз атануға күш салмақпын, - деді ол.
Анастасия Городко 2005 жылы 14 мамырда дүниеге келген. Қазірге дейін 2021 жылы Алматы қаласында өткен әлем чемпионатында параллелді могулда қола жүлде алды.
Бүгінде ол Қазақ спорт және туризм академиясында 3 курс оқиды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.