Қыста балалар арасында қандай аурулар тарайды, олардан қалай сақтану керек – дәрігермен сұхбат
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейді қазақ. Әсіресе қыс мезгілінде түрлі аурулар тарап, сырқаттанатындар саны көбейе түседі. Осы ретте, Kazinform тілшісі балалар жиі ауыратын аурулар және олардан сақтану жолдары туралы жалпы тәжірибелік дәрігер Таңшолпан Талғатбековамен сұхбат құрды.
- Қыс мезгілінде балалар арасында қандай аурулар жиі тіркеледі? Оның негізгі себебі қандай?
- Қыс айларында балалар арасында ең жиі тіркелетін аурулар — жедел респираторлық вирустық инфекциялар, тұмау, ларингит, трахеит, бронхит, отит және пневмония. Сонымен қатар ангина мен мұрын-жұтқыншақ аурулары да жиілейді.
Негізгі себебі - суық ауа райы, күн сәулесінің азаюы, дәрумендердің тапшылығы, жабық ғимараттарда ұзақ уақыт болу және балалардың бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста болуы. Қыс мезгілінде вирустар да белсендірек таралады.
- Суық маусымда балалардың иммунитеті неге әлсірейді?
- Себебі қыста күн сәулесі азайып, ағзада D дәруменінің түзілуі төмендейді. Сонымен қатар таза ауада серуендеу уақыты қысқарады, қозғалыс азаяды, тамақтану рационы бірсарынды болуы мүмкін. Мұның бәрі иммундық жүйенің әлсіреуіне әсер етеді. Балаларда стресс, ұйқының жеткіліксіздігі және мектептегі немесе балабақшадағы жүктеменің артуы да иммунитетке кері ықпал етеді.
- Қандай жастағы балалар қыста ауруға жиі шалдығады?
- Ең осал топ - 6 айдан 7 жасқа дейінгі балалар. Бұл жаста олардың иммундық жүйесі толық қалыптаспаған. Әсіресе, балабақшаға жаңадан барған балалар жиі ауырады. Сондай-ақ жасөспірімдер арасында да суық тию мен вирустық инфекциялар кездеседі, себебі оларда ұйқы режимі бұзылып, дұрыс тамақтанбау жиі байқалады.
- Балаларды қыста аурудан сақтандырудың ең тиімді жолдары қандай?
- Ең алдымен, күн тәртібін сақтау, дұрыс тамақтану және жеткілікті ұйқы өте маңызды. Балаларды ауа райына сай, қабаттап киіндіру қажет. Үй-жайды жиі желдетіп, ауаның ылғалдылығын қалыпты деңгейде ұстаған жөн. Қол жуу мәдениетін қалыптастыру, адамдар көп жиналатын орындарда сақтық шараларын сақтау да аурудың алдын алады. Сонымен қатар тұмауға қарсы вакцинация тиімді қорғаныс тәсілі болып саналады.
- Иммунитетті күшейту үшін дәрігерлер не ұсынады?
- Иммунитетті күшейтудің ең дұрыс жолы - табиғи әдістер. Бұл теңгерімді тамақтану, күнделікті қозғалыс, таза ауа және жеткілікті ұйқы. Дәрумендерді, соның ішінде D дәруменін, дәрігердің кеңесінсіз қабылдауға болмайды. Артық дәрумен де ағзаға зиян келтіруі мүмкін. Сондай-ақ шынығу элементтерін біртіндеп енгізуге болады.
Үйлерде қыста батарея қосылғандықтан ауаның құрғауы, ауыз-мұрынның шырышты қабатын кептіріп, қорғаныш әсері азаяды. Сондықтан үйде ауа ылғалдандырғыш болғаны дұрыс.
- Қыс мезгілінде балалардың тамақтану рационында қандай тағамдар міндетті түрде болуы тиіс?
- Рационда ақуызға бай тағамдар - ет, балық, жұмыртқа, сүт өнімдері міндетті түрде болуы керек. Сонымен қатар көкөністер мен жемістер, әсіресе қырыққабат, сәбіз, қызылша, алма, цитрус өнімдері пайдалы. Қышқыл сүт өнімдері ішек микрофлорасын жақсартып, иммунитетке оң әсер етеді. Тәтті мен фастфудты шектеген жөн.
- Таза ауада серуендеу қаншалықты маңызды және қандай жағдайда шектеу керек?
- Таза ауада серуендеу - иммунитетті нығайтудың ең қарапайым әрі тиімді жолы. Егер баланың қызуы болмаса және жалпы жағдайы жақсы болса, қыс мезгілінде де серуендеуге болады. Алайда қатты аязда (–15 °C-тан төмен), қатты жел немесе боран кезінде серуенді шектеу қажет, әсіресе кішкентай балалар үшін.
- Өзін-өзі емдеу қандай қауіптерге әкелуі мүмкін?
- Өзін-өзі емдеу аурудың асқынуына, диагноздың кеш қойылуына және созылмалы түрге өтуіне әкелуі мүмкін. Әсіресе антибиотиктерді дәрігердің тағайындауынсыз қолдану өте қауіпті - бұл антибиотикке төзімділікке, аллергиялық реакцияларға және ішек микрофлорасының бұзылуына себеп болады. Сондықтан бала ауырса, міндетті түрде дәрігерге қаралу қажет.
Еске салсақ, осыған дейін тұмаудың соңы өлім-жітімге соқтыруы мүмкін екендігі жайлы жазғанбыз.