Қытай АҚШ-тың Иранға жасаған шабуылын қатаң айыптады

Фото: Қытай СІМ

АСТАНА. KAZINFORM — Қытай АҚШ-тың Иранға жасаған шабуылдарын және Халықаралық атом энергиясы агенттігінің кепілдігінде тұрған ядролық нысандарға бағытталған америкалық бомбалауды қатаң айыптайды. Бұл туралы ҚХР Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде айтылды.

— АҚШ-тың бұл қадамы — Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарын, сондай-ақ халықаралық құқықты елеулі түрде бұзу болып саналады және Таяу Шығыстағы жағдайды одан әрі ушықтырады, — делінген Қытай Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде.

Қытай қақтығысқа қатысушы барлық тарапты, ең алдымен Израильді, тез арада оқ атуды тоқтатуға, бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, диалог пен келіссөздер бастауға шақырды.

— Қытай тарапы халықаралық қауымдастықпен бірлесіп әрекет етуге, әділеттілікті қорғауға, Таяу Шығыста бейбітшілік пен тұрақтылықты қалпына келтіруге жәрдемдесуге дайын, — деп атап өтті Қытай Халық Республикасы СІМ.

Еске сала кетейік, 22 маусымға қараған түні АҚШ Қарулы күштері Иран аумағындағы үш ірі ядролық нысанға жаппай соққы жасады. Бұл — 1979 жылдан бергі алғашқы осындай шабуыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп америкалық әскердің Иранның үш ядролық нысанына сәтті соққы жасағаннан кейін халыққа үндеу жолдады.

Иранның Атом энергетикасы жөніндегі агенттігі АҚШ-тың Натанз және Фордо қалаларындағы зауыттарға жасаған шабуылына қарамастан, елдің уран байыту бағдарламасы тоқтатылмайтынын мәлімдеді. Ирандағы ядролық нысандарға соққыдан кейін радиациялық қауіп анықталған жоқ

Кейіннен Иран АҚШ-тың ядролық объектілеріне жасаған соққыларына жауап қатты. Сонымен қатар Иран АҚШ-ты агрессия үшін айыптап, халықаралық тергеуге алуды талап етті.

Ұлыбритания Иранның ядролық нысандарына АҚШ-тың соққыларын қолдады.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі АҚШ-тың Иранға соққы жасауына байланысты шұғыл жиналыс өткізді.