Қытай ғалымдары сейсмографты киттерді бақылауға арналған «стетоскопқа» айналдырды

АСТАНА. KAZINFORM – Қытайдың оңтүстігіндегі зерттеушілер жер сілкіністерін бақылауға арналған жабдықты сирек кездесетін киттерді акустикалық бақылау жүйесіне бейімдеді, деп хабарлайды Синьхуа агенттігі .

Фото: nhm.ac.uk

Жағалаудағы сейсмографты терең оқыту алгоритмдерімен біріктіре отырып, ғалымдар жойылып кету қаупі бар Брайд киттерінің төмен жиілікті сигналдарын тіркей алатын өзіндік «теңіз стетоскопын» жасады.

Зерттеу Geophysical Research Letters журналында жарияланды. Жұмысты Гуанси-Чжуан университетінің доценті Сяо Чжо басқарды. Команда жасанды интеллект моделін таңбаланған 1,7 миллионнан астам сейсмикалық үлгіден тұратын деректер базасында оқытты. Нәтижесінде жүйе киттердің дауысын 99 пайыз дәлдікпен анықтай алады.

Жүйенің жұмыс істеу қағидаты мынаған негізделген: жануарлардың төмен жиілікті дыбыстары теңіз түбі арқылы аралдың жер қыртысына өтеді, ал сейсмометр оларды айқын микродіріл ретінде тіркейді. Бұл дыбыстардың жиілігі небәрі 5 Гц-тен басталады, яғни адам есту қабілетінің шегінен және кәдімгі гидрофондардың көпшілігі анықтай алатын деңгейден әлдеқайда төмен.

Жаңа әдіс Оңтүстік Қытай теңізіндегі Бэйбу шығанағында мекендейтін Брайд киттерінің мінез-құлқы туралы бұрынғы түсініктерді айтарлықтай өзгертті. Бұған дейін бұл жануарлар сәуір айына қарай аталған өңірден кетеді деп есептелсе, сейсмикалық жазбалар олардың қаңтардан шілдеге дейін үздіксіз болғанын көрсетті.

Құрылғылар тіркеген деректерді жергілікті балықшылар да растады. Олар шілде айының соңында аралдан шамамен 38 шақырым жерде китті байқаған.

Ғалымдардың болжамынша, бұл төңірек жануарлардың көбею аймағы ретінде пайдаланылады. Өйткені тіркелген ырғақты импульстер аталық киттердің жұптасу кезеңіндегі әндеріне тән.

Бэйхай қаласына жақын маңдағы сулар Қытайдағы Брайд киттерінің тұрақты жағалаулық популяциясы мекендейтін жалғыз белгілі орын әрі әлемдегі осы түрдің ең ірі жағалаулық топтарының бірі саналады.

Соңғы жылдары анықталған дарақтар саны 10-нан 70-тен астамға дейін өскен.

Зерттеушілердің айтуынша, бұл әдіс теңіз жануарларын жаһандық деңгейде қорғау ісіне кең мүмкіндік ашады. Өйткені сейсмикалық станциялар қазірдің өзінде әлемнің көптеген нүктесінде жұмыс істеп тұр, ал оларды акустикалық мониторингке бейімдеу қосымша шығынды көп қажет етпейді.

Еске сала кетсек, бұған дейін Қытайда әлемдегі алғашқы автономды басқарылатын электронды микроскоп жасалғанын жаздық.